Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов АҚШ пен Ұлыбритания енгізген санкциялардан кейін ресейлік «Лукойл» компаниясының жағдайына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
«Лукойл» «Теңізшевройл» жобасының 5 пайызын және «Қарашығанақ Petroleum Operating» компаниясындағы 13,5 пайыз үлесін иеленеді. Журналистер министрден Қазақстан тарапы тәуекелдердің алдын алу мақсатында ресейлік компанияның үлесін сатып алуды жоспарлап-жоспарламайтынын сұрады.
Министрдің айтуынша, аптаның соңына дейін ведомство санкциялардың ел экономикасына ықпалын талдап шығуы тиіс. Алайда әзірге үкімет «Лукойлдың» үлесін сатып алу мәселесін талқылаған жоқ.
– Бұл – компаниялар арасындағы коммерциялық қатынастар. «Лукойлдың» серіктесі «ҚазМұнайГаз» болып табылады. Бұл ТШО-дағы және басқа жобалардағы үлестерге де қатысты. Сондықтан бұл сұрақты «ҚазМұнайГазға» қойған дұрыс. Ал үкімет деңгейінде әзірге ондай мәселе қаралғанын естіген жоқпын, – деді Ақкенженов.
БҰҒАН ДЕЙІН
Еске салайық, бұған дейін «ЛУКОЙЛ» мұнай компаниясы бірнеше елдің енгізген санкцияларына байланысты шетелдегі активтерін сату туралы шешім қабылдаған болатын.