Қазақстанның бала құқықтары жөніндегі уәкілі Динара Закиева Алматы облысында 6-сынып оқушысының өз-өзіне қол жұмсағаннан кейін сынға ұшырады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Алдын ала мәлімет бойынша, Алматы облысында 6-сынып оқушысы өз-өзіне қол салған. «НеМолчи» қорының жетекшісі Дина Смаилованың айтуынша, бұл отбасы жайлы қиын жағдайда екені туралы ақпарат бұған дейін мемлекеттік органдар мен полицияға жеткізілгенімен, тиісті шара қолданылмаған.
ҚАҚТЫҒЫС
Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Закиева әлеуметтік желіде бұл отбасы туралы ақпарат өзіне түспегенін – не қордан, не полициядан еш хабар болмағанын мәлімдеді. Ол полиция жұмысына ІІМ, ал қорғаншылық органдарының қызметіне әкімдік жауапты екенін атап өтті.
– Омбудсмен әрбір полицей мен қорғаншылық органының қызметін жеке қадағалай алмайды, – деді Закиева.
«НЕМОЛЧИ» ҰСТАНЫМЫ
Дина Смаилова өз кезегінде, «НеМолчи» қоры бірнеше жыл бойы мемлекеттік органдармен және омбудсмен институтымен серіктестік орнатуға тырысқанын, алайда «оның орнына қысым мен айыптауларға тап болғанын» айтты.
– Динара Закиева біздің қорға кінә артады, бірақ өзі «омбудсмен бәрін бақылай алмайды» дейді. Ал егер жергілікті жерде ешкім тапсырмаларды орындамаса, бұл – мемлекеттік органдардың жұмысы әлсіз деген сөз. Демек, ол жүйелі жұмысты жолға қоя алмаған. Оның үстіне, біздің телефондарымызды екі жылдан астам уақыт бұрын өзі бұғаттап тастаған, өтініштерімізге жауап бермейді, тек резонанс туған соң ғана әрекет етеді. Бұл профилактика мен бақылаудың мүлдем жоқтығын көрсетеді, – деп жазды Смаилова.
Оның айтуынша, Динара Закиеваға 6 миллиард теңге бөлініп, сол қаржыға 112 отбасылық қолдау орталығы ашылған.
РЕАКЦИЯ
Желі қолданушыларының көбі Дина Смаилованмен келіскен. Олар Динара Закиеваны отставкаға жіберуді және бөлінген қаржының қалай жұмсалғаны туралы есеп беруді талап етуде.