Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті шетелдік интернет-дүкендерден сатып алынған тауарларға қатысты жаңа талаптардың егжей-тегжейін жариялады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ҚАНДАЙ ТӨЛЕМДЕР БОЛАДЫ
Бұрынғыдай кедендік баж салығынан босатылатын лимит сақталады — 200 еуроға дейін (қазіргі бағам бойынша шамамен 125 мың теңге). Егер сәлемдеме осы сомадан аспаса, ешқандай төлем талап етілмейді.
Егер тауардың жалпы құны 200 еуродан жоғары болса, екі төлем енгізіледі:
Қазір лимиттен асқан жағдайда 15% тек артық сомаға салынады және салмақ бойынша шектеу бар — 31 кг. Жаңа ережелерде салмақ лимиті болмайды, ал төлем мөлшері нақты: 5% + ҚҚС, егер тауар 200 еуродан қымбат болса.
ҚАНДАЙ ТАУАРЛАР ДЕКЛАРАЦИЯЛАНАДЫ
Жаңа талаптар Еуразиялық экономикалық одаққа (ЕАЭО) кірмейтін елдерден — мысалы, Қытай, АҚШ, Еуропа — тапсырыс берілген тауарларға қатысты. Ал ЕАЭО елдеріндегі маркетплейстерден (Wildberries, Ozon) сатып алынған тауарлар декларацияланбайды.
ЖЕТКІЗУ ҚАЛАЙ ЖҮРЕДІ
Мемкірістер комитетінің мәліметінше, сатып алушылар үшін ештеңе өзгермейді — сәлемдемелер бұрынғыдай жеткізіледі. Барлық кедендік рәсімдерді "Қазпошта", DHL, FedEx секілді жеткізу қызметтері өздері орындайды: декларацияны толтырып, рәсімдейді.
Қазақстанда бұл ережелер бойынша пилоттық жоба бір жылдан астам уақыттан бері жұмыс істеп келеді. Жобаға "Қазпошта" мен DHL Қазақстан қатысуда. Комитеттің талдауы бойынша, сәлемдеме рәсімдеу процесі бұрынғыдай ыңғайлы және жылдам болып қалған.
КІМГЕ ӘСЕР ЕТЕДІ
"Қазпошта" дерегіне сәйкес, қазақстандықтар шетелдік онлайн-алаңдардан сатып алатын тауарлардың 90%-дан астамы 200 еуродан арзан. Сондықтан бұл өзгерістер көпшілікке әсер етпейді — 200 еуроға дейінгі тапсырыстар үшін төлем талап етілмейді.
ҚАШАН КҮШІНЕ ЕНЕДІ
Мемкірістер комитеті хабарлағандай, ЕАЭО-ның Кеден кодексіне онлайн-сауда бойынша енгізілген өзгерістер барлық одақ елдері ресми түрде мақұлдағаннан кейін ғана күшіне енеді. Қазақстан бұл ратификацияны 2025 жылдың қазан айының басында аяқтаған.
Жаңа ережелер іске қосылуы үшін Еуразиялық экономикалық комиссия қосымша құжаттар қабылдауы керек, ал ЕАЭО елдері өз кеден заңдарын жаңартуы тиіс. Қазақстан да бұл жұмысты атқаруы қажет. Сондықтан нақты күшіне ену мерзімі әзірге белгісіз.
БҰҒАН ДЕЙІН
Қыркүйекте сенаторлар ЕАЭО Кеден кодексіне түзетулерді ратификациялады. Олар шетелдік маркетплейстерден сатып алынған тауарларға міндетті баж салығын енгізуді көздейді.
Осыдан кейін әлеуметтік желілерде қазақстандықтар наразылық білдіре бастады — енді шетелден алынған барлық тауарлар, тіпті іш киімге дейін декларациялануы керек деген пікірлер айтылды. Сондай-ақ 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап ҚҚС 16%-ға өсетіні еске салынды. Экономика министрлігі бұл ережелерді егжей-тегжейлі түсіндірді.