Жетіген–Алтынкөл учаскесін жаңғырту экспорттық өткізу қабілетін арттыру үшін қолға алынған еді. Ондаған жаңа локомотив сатып алынып, инфрақұрылымға миллиардтаған қаржы құйылды. Алайда іс жүзінде, сарапшының пікірінше, жағдай жақсарған жоқ, керісінше нашарлаған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Қаржылық кеңесші, finmentor.kz негізін қалаушы Арман Батаевтың айтуынша, ҚТЖ Алтынкөл арқылы астық тиелген контейнерлік пойыздардың жөнелтілуін тәулігіне үш құраммен шектеген, әрі бұл дәл астық тасымалының ең қызған шағында орын алған. Оның сөзінше, мұндай шектеулер жыл сайын енгізіледі.
Нәтижесінде, сарапшы атап өткендей, фермерлер мен экспорттаушылар келісімшарттарды орындай алмай, қаржыдан ұтылады.
– Жаңа жолдар сала тұра, бірақ олармен қалайша жүре алмаймыз? Миллиардтаған инвестициялар салынғаннан кейін де неге фермерлер әкімшілік кедергілерге тап болады? Жүйе қайда? Неге болжам жасамайды? Неге конвенциялық тыйымдар Ауыл шаруашылығы министрлігімен, Көлік министрлігімен және бизнес өкілдерімен келісілмей енгізіледі? Президент Достық–Мойынтының екінші желісін ашып, “өткізу қабілеті бес есе артты” дейді. Ал шын мәнінде астық тиелген пойыздар әлі тұр.
Инвесторлар елге қалай қаржы құяды, егер кез келген сәтте конвенция енгізіліп, экспорт тоқтатылуы мүмкін болса? Неге жаңа локомотивтер ескі мәселелерді шешпейді?
Мәселе жолда да, пойызда да емес. Мәселе — басқаруда, – деп түйіндеді сарапшы.
КОНТЕКСТ
Бұған дейін ҚТЖ мен Wabtec арасындағы 4,2 млрд долларлық локомотивтерге қатысты келісім қоғамда үлкен резонанс тудырған болатын. Ол кезде сарапшылар пойыздардың құны шектен тыс жоғары екенін атап өткен еді.