Қырғыз соты Kloop, Temirov Live және «Айт, айт десе» жобаларын экстремистік деп таныды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
“Азаттық” мәліметінше, Бішкектің Октябрь аудандық соты Temirov Live, Kloop.kg («Клооп Медиа» қоғамдық қоры) және «Айт, айт десе» медиа жобаларының материалдарын, сондай-ақ олардың басшыларының қызметін «экстремистік» деп таныды.
KLOOP ТУРАЛЫ
Kloop.kg - 2007 жылы тәуелсіз журналистер негізін қалаған онлайн-басылым. Ол 2010 жылғы Қырғызстандағы төңкеріс кезінде жедел ақпарат таратып, танымал болған. Кейінгі жылдары басылым журналистік зерттеулерге баса назар аударып келді. 2023 жылғы қыркүйекте сайтқа алғаш рет бұғаттау шаралары қолданылды. Ал 2024 жылдың ақпанында сот «Клооп Медиа» қоғамдық қорын тарату туралы шешім қабылдады. Сол жылдың тамызында Жоғарғы сот бұл шешімді өзгеріссіз қалдырды.
TEMIROV LIVE ЖОБАСЫ
Temirov Live жобасы да журналистік зерттеулерге маманданған. Оның материалдары негізінен YouTube арнасында жарияланып келеді.
БОЛОТ ТЕМІРОВ ІСІ
«Айт, айт десе» - Temirov Live жобаларының бірі. Бұл медиа бастамалардың директоры – журналист Болот Теміровтың жары Махабат Тәжібек. Қазір ол қамауда отыр. Бір жыл бұрын сот оны «жаппай тәртіпсіздікке шақырды» деген айыппен кінәлі деп таныған.
Махабат Тәжібек те, оның күйеуі Болот Теміров те бұл істің саяси астары бар екенін айтады. 2022 жылғы қарашада Болот Теміров Қырғызстаннан күштеп шығарылған. Оған дейін қырғыз соты оның паспортын жарамсыз деп таныған болатын.