Астанада 600 мың теңгелік торт дауы бойынша сот үкімі шықты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
СОТ ҮКІМІ
Істі судья Гүлзада Рашқалиева қарады. Кондитердің талабы ішінара қанағаттандырылды.
Осылайша, сот Әселина Батырды кондитерге 200 мың теңге берешегін төлеуге, сондай-ақ моральдық зиян үшін 100 мың теңге өтемақы төлеуге міндеттеді.
Бұдан бөлек, блогер әлеуметтік желілерде жала жапқаны туралы ресми түрде теріске шығару жариялауы керек. Әңгіме Әселина Батырдың Нұршат Ақбергенованы «алаяқ» деп атаған жарияланымдары туралы болып отыр.
КОНТЕКСТ
Еске салайық, дау 2025 жылдың тамызында басталған. Сол кезде алматылық кондитер Нұршат Ақбергенова блогер Әселина Батырдың тапсырысы бойынша 18 келілік торт әзірлеп, оның құнын 600 мың теңге деп бағалағанын айтқан. Оның сөзінше, ол бар болғаны 100 мың теңге алдын ала төлем алған, ал торт құрамына қолданылған заттардың өзіндік құны шамамен 440 мың теңге болған.
Ulysmedia бас редакторы Самал Ибраева кондитер Нұршат Ақбергеновамен кездесіп, атышулы «көрпе-торттың» тарихын және кондитер еңбегінің сырт көзге жеңіл көрінгенімен, шын мәнінде оңай емес екенін талқылаған.