300 мың теңге пара алып, 9 миллион айыппұл төлеген шенеунік

Ілияс Бақыт
Ашық дереккөзден

Жер қатынастары бөлімінің басшысы пара алғаны үшін 9 млн теңге айыппұл төлеуге міндеттелді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ҚҰТЫЛМАДЫ, ТҰТЫЛДЫ...

Ырғыз ауданының жер қатынастары бөлімінің басшысы Медет Бердалин пара алғаны үшін кінәлі деп танылып, 9 миллион теңге айыппұл төлеуге сотталды.

ЖҰБАЙЫНА АУДАРТҚАН

Сот материалдарына сәйкес, Бердалинге бір фермер шөп шабуға бір айға жер телімін сұрап жүгінген. Ресми жолмен шешудің орнына, шенеунік кездесуді жұмыс орнынан тыс жерде ұсынып, жер комиссиясында өтінішін өткізу үшін 300 мың теңге сұраған. Фермер бұл соманы бірден бере алмаған. Кейін Бердалин оған жұбайының телефон нөмірін жіберіп, алғашқы 200 мың теңгені сол есепшотқа аудартқан. Осыдан соң шенеунік өтінішті рәсімдеуге көмектесіп, тіпті құжатсыз-ақ шабуға рұқсат берген. Қалған 100 мың теңгені фермер ҰҚК бақылауымен аударған — ол пара талап етілгені жөнінде арыз түсірген.

КІНӘСІН МОЙЫНДАДЫ

Сотта Бердалин кінәсін мойындады. Іс қысқартылған тәртіппен қаралды. Нәтижесінде ол параның 30 еселенген мөлшерінде — 9 млн теңге айыппұл төлеуге және мемлекеттік әрі квазимемлекеттік қызметте басшылық лауазым атқаруға тыйым салуға үкім етілді.