Банктер заңды айналып өтіп, миллиардтаған қарызды қайтармай отыр - депутат

Динара Жарқынбек
Ашық дереккөзден

Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек банк секторын қатты сынға алып, екінші деңгейлі банктерді заң бұзушылыққа, сыбайлас жемқорлыққа және мемлекет алдындағы жауапкершіліктен жалтару бойынша айыптады. Депутаттың айтуынша, банктер жылдар бойы «ерекше мәртебеге» ие болып, заңнан тыс артықшылықтар пайдаланып келген, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

«Банктерге заң бұзуға мүмкіндік берілді»

Депутат банктердің бюджет есебінен бірнеше рет құтқарылғанын, капиталды шетелге шығаруға да еш кедергі болмағанын атап өтті.

- Банктерге бәрі рұқсат етілгендей жағдай жасалды. Бәсекелестік шектелді, банк құпиясы деген желеумен бақылау органдарының жұмысына кедергі келтірілді. Банк саласындағы лоббизм билік дәлізінде қалыпты жағдайға айналды, — деді Базарбек.

Оның айтуынша, банктер заң талаптарын айналып өтіп, мемлекетке тиесілі жерлерді де өз мүддесіне пайдаланып отыр.

Мемлекетке қайтарылуы тиіс жерлер банк иелігінде қалуда

Заң бойынша, банк алған жерді алты ай ішінде игермесе, ол қайтадан мемлекеттік меншікке өтуі тиіс. Бірақ депутаттың мәліметінше, бұл талап орындалмай отыр.

- Банктер бұл жерлерді “Проблемалық кредиттер қоры” арқылы жеке тұлғаларға сатуға шығарып, заңды айналып өтеді. Бұл — Жер кодексіндегі шектеулерді айналып өтудің айласы, — деді ол.

Базарбектің айтуынша, тек «Халық банкінің» өзінде 2 153 жер учаскесі бар, жалпы ауданы 2,5 миллион гектардан астам, құны 166 миллиард теңгеге жуық. Ал «Проблемалық кредиттер қорында» тағы 1 298 жер телімі тіркелген — шамамен 1,1 миллион гектар, жалпы құны 53 миллиард теңге.

2020 жылы премьер-министр болған Асқар Мамин де депутаттың сынына ілікті. Бақытжан Базарбек ол қол қойған хаттамаға назар аударды. Онда Алматы қаласындағы мектеп, балабақша мен аурухана құрылысына бөлінген 383 гектар жердің кейін жеке құрылыс компанияларына берілгені айтылған. 

«Банктер миллиардтаған қарызды онжылдап қайтарады»

Депутат банктердің мемлекеттен алған дағдарысқа қарсы қаражатты әлі күнге толық қайтармағанын айтты.

- Он жыл бұрын берілген несиелерді банктер әлі күнге дейін бөліп-бөліп қайтарып жатыр. Мысалы, “Нұрбанк” — 46 миллиард теңгені 2030 жылға дейін, “Еуразиялық банк” — 150 миллиардты 2032 жылға дейін қайтарады. Ал “Алатау Сити банкке” тіпті ерекше жағдай жасалған: 950 миллиард теңгені үш кезеңмен 2045 жылға дейін қайтаруға рұқсат етілген. Бұл — банк мүддесін ашық лоббилеу, — деді Базарбек.

«Мемлекет банктерге тым жұмсақ қарайды»

Бақытжан Базарбектің пікірінше, банктерге жасалып жатқан мұндай жеңілдіктер қаржы секторының мүддесін қорғау мен теңсіздіктің айқын көрінісі.

- Қазір елде дағдарыс, қаражат тапшы. Ал банктер миллиардтап алған ақшаны ондаған жыл қайтармай жүр. Халыққа ондай мүмкіндік ешқашан берілмейді. Мемлекет бұдан былай банктермен “сыпайы сөйлесуді” тоқтатып, қатаң талап қоюы керек, — деп түйіндеді депутат.