Бүгін Сенатта концерттер өткізу ережелеріне қатысты жаңа өзгерістер талқыланды. Ұсынылған түзетулерге сәйкес, енді 200-ден астам көрермені бар концерттерде фонограмма қолдануға тыйым салынуы мүмкін, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Жаңа талаптың мәні
Егер ұйымдастырушы немесе әртіс бұл тыйымды бұзса, 1000 АЕК дейін, яғни шамамен 3 миллион 932 мың теңге айыппұл төлеуге міндеттеледі. Бұл талап «Мәдениет туралы» заңға енгізілетін жаңа нормалардың бірі болмақ.
Сенаттағы талқылау және сын пікірлер
Сенатор Советбек Медебаев заң жобасындағы қайшылықтарға назар аударды.
- Қолданыстағы заңда көрерменді фонограмма қолданатыны туралы алдын ала хабарлау міндеті ғана бар. Ал жаңа түзету тікелей тыйым салуды көздейді. Бұл екі норма арасында қайшылық болмай ма?, – деді ол.
Министрліктің түсіндірмесі
Мәдениет және спорт вице-министрі Айбек Сыдықов бұл мәселе үкімет деңгейінде жан-жақты қаралғанын айтты.
- Фонограмма қолдануға байланысты жауапкершілік енгізу нормасы Әкімшілік кодекске енгізілді. Енді фонограмманы пайдаланғандарға 1000 АЕК-ке дейін айыппұл салынады. Бұл талаптың орындалуын жергілікті атқарушы органдар бақылайды, – деді вице-министр.
Қайда және кімге қатысты болады
Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев заң жобасында әлі де нақтылауды қажет ететін тұстар бар екенін айтты:
- Шынында да, кейбір нормалар арасында қайшылықтар бар екенін біздің заңгерлер де атап отыр. Сондықтан бұл мәселені нақтылау қажет, – деді ол.
Ал Айбек Сыдықов толық тыйым енгізу мүмкін еместігін түсіндірді.
- Фонограмма тек концерттерде ғана емес, театр, цирк сияқты мәдени мекемелерде де қолданылады. Сондықтан жаңа талап тек концерттік, көпшілік қатысатын шараларға қатысты болады, – деді ол.
Контекст
Жаңа түзету күшіне енсе, 200-ден астам көрермені бар концерттерде фонограмма қолдануға толық тыйым салынады. Мақсат – тірі дауысты орындауды қолдау және сахна мәдениетін көтеру.