Араб елдері АҚШ-тың Газа жөніндегі жоспарын әділетсіз деп атады

Сырым Қаржас
Majdi Fathi/NurPhoto/Getty Images

Араб мемлекеттері Газаны ішінара қалпына келтіру туралы АҚШ-тың ұсынысын қолдаудан бас тартты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Вашингтонның бастамасы Израильдің бақылауындағы аумақтарды таңдаулы түрде қалпына келтіруді көздейді. Бұл Таяу Шығыстағы серіктестер тарапынан қатты қарсылық тудырды, деп жазды Financial Times дипломатиялық дереккөздерге сілтеме жасап.

– Егер Вашингтон бұл мәселе бойынша Израильдің ұстанымын қолдауды жалғастырса, палестиналықтар, мысырлықтар, қатарлықтар, түріктер және АҚШ пен Израиль арасында қақтығыс туындауы мүмкін. Бұл – мүлде ақылға қонбайтын және өрескел шешім болар еді, – деген пікір білдірді басылымға араб елдерінің бірінің дипломаты.

Financial Times-тың мәліметінше, араб мемлекеттері бұл жобаға қаржы бөлуді жоспарлап отырған жоқ және тек Израиль армиясы бақылап отырған аудандарға гуманитарлық көмек көрсетумен шектелуі мүмкін.

– Ондай жағдайда біз палестиналықтар үшін емес, Израиль үшін салып жатқандай болып көрінеміз, – деді бір дипломат.

Еске салайық, бұған дейін Түркия президенті Режеп Тайип Ердоған Израильді балаларды қоса алғанда, бейбіт тұрғындарға қарсы аштықты өлім қаруы ретінде қолданды деп айыптады.