Абай облысының әкімі Берік Уәли әлеуметтік желілерде тараған “Әліби ісінің” фигуранты Арман Әбілтаевпен бірге түскен суретке байланысты пікір білдірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
БАҚ өкілдері әкімнен бұл суреттің қай кезде және қандай жағдайда түсірілгенін сұрады. Берік Уәлидің айтуынша, ол адамды бұрыннан танымайды және суреттің бар екенін тек жарияланған соң білген.
- Мен бұл адам туралы сурет шыққаннан кейін ғана білдім. Ол кезде құрылысшылармен кездесіп жатқанбыз. Әрқайсымен жеке суретке түскенбіз. Кейін солардың бірі суретті әлеуметтік желіге жүктепті. Мен ол адамның кім екенін, өткенін білмедім. “Әліби ісі” жайлы да алғаш рет сіздерден, журналистерден естідім. Бұл жерде ешқандай сенсация жоқ, — деді әкім.
Оның сөзінше, сурет тамыз айында түсірілген. Арман Әбілтаев сол жиынға өзге құрылысшылармен және серіктестерімен бірге келген.
- Күн сайын жүздеген адаммен кездесеміз, бәрі суретке түседі. Оны сенсация етудің жөні жоқ, — деді Берік Уәли.
КОНТЕКСТ
2015 жылы елде көп талқыланған “Әліби ісінде” астаналық тұрғын Әліби Жұмағұловтың соққыға жығылған суреттері әлеуметтік желіде тараған еді. Сол іс бойынша кәсіпкер Қайрат Жамалиев және бірнеше адам, оның ішінде Арман Әбілтаев та сотталған болатын.