Жыл соңына дейін Қазақстанда тұрғын үй бағасы тағы да қымбаттайды

Сырым Қаржас
Ulysmedia.kz коллажы

Қазақстанда жыл соңына қарай тұрғын үйге сұраныс артып, соның нәтижесінде баға да өсуі мүмкін. Мұндай үрдіс салық заңнамасындағы алдағы өзгерістерге дейін пәтер сатып алуға ұмтылған азаматтардың белсенділігімен байланысты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Неліктен баспана қымбаттап жатыр?

Halyk Finance аналитикалық орталығының соңғы шолуы бойынша, жаңа тұрғын үйдің бағасы инфляция қарқынынан да жылдам өсіп отыр – жыл басынан бері 12,5%-ға қымбаттаған. Ең жоғары өсім Павлодарда тіркелген. Одан кейінгі орындарда – Қонаев, Алматы және Қызылорда қалалары.

Бағаның көтерілуіне әсер еткен негізгі себептердің бірі – құрылыс саласындағы жаңа ережелер. Олардың ішінде үлестік құрылысқа қойылатын талаптардың қатаюы және нарық қатысушыларына бақылаудың күшеюі бар. Сарапшылардың пікірінше, осы өзгерістерден кейін баға күрт өсе бастаған.

- Түзетулердің алғашқы бөлігі 12 шілдеде, екіншісі 30 тамызда күшіне енді. Ал үшінші кезең 2026 жылы енгізіледі. Әсіресе, 30 тамыздан бастап үлестік құрылысты реттейтін жаңа талаптардың енгізілуі маңызды рөл атқарды: енді мәмілелер тек үлестік қатысу шарты негізінде ғана жасалады, жарнама тек кепілдік немесе рұқсат болған жағдайда жарияланады, ал құрылыс компанияларының қызметін әкімдіктер мен инжинирингтік ұйымдар бақылайды. Бұл шаралар бір жағынан – оң және қажет жаңашылдық болса, екінші жағынан – нарыққа қысым түсіріп, жаңа пәтерлердің қымбаттауына ықпал етті, — дейді Halyk Finance аға сарапшысы Арслан Аронов.

Сонымен қатар, ипотека шарттарының күрделенуі мен 2026 жылы қосымша құн салығының (ҚҚС) көтерілуі де бағаның өсуін жеделдетіп отыр.

Екінші нарықтағы пәтерлердің бағасы да өсуде, бірақ баяу қарқынмен – жыл басынан бері 10,2%-ға. Бұл сегментте Алматы көш бастап тұр, мұнда ескі пәтерлердің бағасы 21,7%-ға артқан.

Баға әлі де өседі

Биыл тұрғын үй нарығындағы сату-сатып алу мәмілелерінің саны жылдық есеппен 5,4%-ға артқан. Сарапшылардың айтуынша, азаматтар алдағы салық реформасынан бұрын пәтер сатып алуға ұмтылып отыр.

- Желтоқсанға қарай маусымдық белсенділік артып, мәмілелер саны көбейеді. Бұл, өз кезегінде, бағаның әрі қарай өсуіне алып келеді. Ең көп өзгеріс жаңа тұрғын үй сегментінде байқалады. Сұраныс өткен жылмен салыстырғанда жоғары болуы ықтимал, себебі сатып алушылар салық өзгерістері күшіне енбей тұрып, қазіргі бағамен баспана алуға тырысады, — деп болжайды Арслан Аронов.