Газада тұрғындар бітімге қарамастан жарықсыз отыр

Сырым Қаржас
REUTERS/Mahmoud Issa

Палестиналық әйел Ханан әл-Джуджу үш баласын қараңғыда тамақтандыруға мәжбүр. Өйткені өткен айда Израиль мен ХАМАС арасында бітім орнағанына қарамастан, Газада әлі күнге дейін электр қуаты жоқ, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Reuters агенттігінің мәліметінше, отбасы шамды қуаттай алмайтын күндері мүлде кешкі ассыз қалады.

- Күн батқан соң, кешкі азан шақырылғанда қараңғыда қаламыз. — Егер фонарьдың жарығы болса, сонымен шамалаймыз. Болмаса, жарықсыз әрі ас ішпей ұйықтаймыз, — дейді әл-Джуджу.

Отбасы соғыс басталғалы, яғни екі жылдан астам уақыттан бері жарықсыз өмір сүріп келеді. Рафах қаласына қоныс аударған соң, әуелі шам жаққан, бірақ палаткада өрт шығу қаупіне байланысты одан да бас тартқан.

- Қарапайым жарықдиодты шамды қолдануға тырыстық, бірақ ол істен шықты. Жөндетуге ақшамыз жоқ. Аккумулятор іздедік — өте қымбат әрі табу қиын, — дейді ол.

Соғысқа дейін Газа аймағы негізінен Израильден жеткізілетін электр энергиясына тәуелді болған. Алайда ол да үнемі үздіксіз берілмеген. Энклав билігінің мәліметінше, Израиль шамамен 120 мегаватт, ал жергілікті жалғыз электр станциясы тағы 60 мегаватт қуат өндірген.

БІТІМ ЖӘНЕ ОНЫҢ ШАРТТАРЫ

13 қазанда Шарм-эш-Шейхтегі халықаралық бейбіт саммитте Газа секторында атысты тоқтату туралы декларацияға қол қойылды. Израиль әскері әскери әрекет аймағының жартысынан шығып, 2 мыңға жуық палестиналық тұтқынды босатты. ХАМАС соңғы тірі тұтқындарды қайтарғанымен, кейбір қаза тапқандардың денесін әлі ұстап отыр.

Бітім шарттарына сәйкес, ХАМАС қаруын тапсырып, биліктен кетуі тиіс еді. Алайда олар қаруды тапсырмай, саяси қарсыластарын сотсыз жазалауды жалғастырып жатыр.