«Халық - тобыр емес»: экс президент өткір сынап тастады

Ілияс Бақыт
Ашық дереккөзден

Қырғызстанның бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаев Instagram парақшасында Садыр Жапаровқа жолдаған өткір үндеуін жариялады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Бұл хатқа себеп болған — Жапаровтың Атамбаевты энергетикалық дағдарыс үшін айыптауы. Экс-президент бұл сөздерді «арсыз өтірік» деп атап, Жапаровтың Камбар-Ата-2-де жұмыс істейтін майнинг-фермалармен байланысын өзі ашық мойындағанын еске салды. Атамбаевтың айтуынша, бұл фермалар Максим Бакиев пен Александр Ширишовтың айналасымен байланысты.

Халықтың көзі ашылды, олар сенің кім екеніңді түсінді. Халық — кез келген өтірікті жұта салатын үнсіз тобыр емес. Адамдар бәрін есте сақтайды. Сен сөз бостандығын уәде еттің — енді әлеуметтік желідегі жазба үшін түрмеге жабады. Сен демократияны уәде еттің — барлық тәуелсіз партиялар жойылды, саясаткерлер не түрмеде отыр, не отырып шықты. Қарапайым адамдар да бір ауыз қарсы сөз айтса, қамалады. Ал басқа уәделерің қайда? Әділ сайлау ма — ұнамағандарды мүлде қатыстырмайды; мемлекеттік қарызды «толық жою» ма — іс жүзінде бірнеше есе өсті; бала-шағаң мен туыстарың банктер ашып, көз алдымызда байып жатыр; майнинг-фермалар биткойнды кім үшін жасап жатқаны түсінікті. Туыстарың мен достарың байып жатыр, ал халықтың азық-түлікке ақшасы жетпейді, – деп жазды Атамбаев.

Ол алғашқы ауыр энергетикалық дағдарыс Бакиевтің тұсында болғанын еске салды. Сол кезде энергетика саласын басқарған адамдар бүгінде қайтадан билікке келген. Ол кезде жарық күн сайын 8–10 сағатқа өшірілетін. Атамбаевтың пікірінше, энергетикалық жүйені инженерлердің еңбегімен қалпына келтірген, ал гимн мен туды ауыстыру секілді «мифтік реформалар» еш нәтиже бермеген.

– Қырғызстанда енді жеке меншік құқығы жоқ. Ел еркіндіксіз аймаққа айналды, мұнда кез келген кәсіпкер — шағын сатушыдан бастап ірі бизнесменге дейін — ертең ойдан шығарылған себеппен бар мүлкінен айырылып қаламын ба деп қорқып өмір сүреді. Тұрғын үйлер сотсыз, тергеусіз сүріледі, жер мен мүлік тартып алынады, шағын және орта бизнес салықпен, рейдерлік шабуылмен, асығыс жасалған қылмыстық істермен тұншықтырылып жатыр, – дейді экс-президент.

Ол Қырғызстанды билікке жақын топтардың мүддесіне жұмыс істейтін мемлекеттік аппарат басқаратын ел деп атады. Соңғы бес жылда Қырғызстанның баспасөз еркіндігі бойынша рейтингі әлемде 89-орыннан 144-орынға дейін құлдыраған — Уганда мен Анголадан да төмен.