АҚШ-тың «Роснефть» пен «Лукойл» компанияларына қарсы санкциялары күшіне енбей тұрып, шетелдік мұнай өңдеу зауыттары олармен сауда жасаудан жаппай бас тарта бастады. Соның салдарынан ресейлік мұнай бағасы күрт төмендеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Bloomberg агенттігінің 17 қарашадағы дерегіне сәйкес, АҚШ санкциялары енгізілгеннен кейін Ресей мұнайына деген сұраныс пен баға айтарлықтай төмендеді. Мәселен, өткен аптада, 13 қараша күні, Новороссийск портында Urals маркалы мұнайдың бағасы барреліне 36,61 долларға дейін құлдырап, 2023 жылдың наурызынан бергі ең төменгі көрсеткішке жетті.
БАҒА АЗДАП ҚАЛПЫНА КЕЛДІ
Argus Media тәуелсіз баға агенттігінің мәліметінше, осындай үрдіс Балтық теңізі порттарында да байқалған. Кейін баға аздап қалпына келді.
САНКЦИЯЛАР КҮШІНЕ ЕНЕДІ
АҚШ санкциялары 21 қарашада күшіне енеді. Осы күнге дейін Қытай, Үндістан және Түркиядағы мұнай өңдеуші зауыттар ресейлік мұнайды сатып алуды тоқтатып, балама іздей бастады. Бұл Urals мұнайының Brent маркасымен салыстырғандағы бағасының айтарлықтай жеңілдікпен сатылуына әкелді. Argus Media дерегі бойынша, өткен апта соңында Қара теңіз бен Балтық теңізі арқылы жеткізілетін ресейлік мұнайдың Brent-пен айырмашылығы барреліне 23,52 долларға жетіп, 2023 жылдың маусымынан бергі ең жоғары деңгейге көтерілді.
Bloomberg бұл жағдайды сатып алушылардың екінші деңгейлі санкциялардан қорқып, тәуекелге барғысы келмейтіндігімен байланыстырады.
АҚШ пен Ұлыбритания қазан айында Ресейдің «Лукойл» және «Роснефть» мұнай компанияларына, сондай-ақ олардың 34 еншілес құрылымына қарсы санкциялар енгізген болатын. Бұл шешім Ресейдің Украинадағы соғысына байланысты қабылданды.