Түркістан облысындағы қасіретті өрт: көршінің көз алдында болған қайғылы сәттер

Динара Жарқынбек
Ulysmedia.kz коллажы

Жетісай ауданына қарасты Алғабас ауылындағы екі қабатты үйден шыққан өрттің қалай болғанын көршілердің бірі айтып берді. Оның сөзінше, оқиға әп-сәтте өршіп, тұрғындар қолынан келген көмекті жасауға тырысқанымен, жалын адамдарды құтқаруға мүмкіндік бермеген, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Көршісі Ханымай Жүнісованың айтуынша, ол көшеге шыққан сәтте бір әйелдің жанұшыра айқайлағанын естіген.

- Сағат бестен кейін сыртқа шықтым. Кенет бір келіншек жанталасып “Жәрдем беріңдер!” деп айқайлап жатыр екен. Қарасам, қолы лапылдап жанып жатыр. Жүгіріп барып, адамдарды шақырдым. “Адам бар, бала бар!” деп айқайладым. Үйдің іші түтінге толып, кірерге мүмкіндік болмады. Бір көрші кірмек болып, аяғын сындырып алды. Өрт сөніп болғанда бәрі жанып кеткенін көрдік. Терезеден айқайлаған әйел шыға алмай қалды. Егіз балалар, кішкентай сәби – ешқайсысы аман қалмады. Осы көрініс көз алдымнан кетпейді, – деп күрсінді көрші әйел.

Ханымай Жүнісова бұл отбасы туралы да айтып өтті. Оның сөзінше, үйде Оразгелді есімді азамат, Дәурен деген тұрғын, сондай-ақ Базаргүл атты мейірімді келіншек тұрған.

- Қолымнан келгенше бәріне жәрдем сұрадым. Бірақ от қатты болды. Қып-қызыл жалын бәрін шарпып кетті.  Өрттен кейін түнде ұйықтай алмай жүрмін. Келіншектің шыңғырып жылағаны – өте ауыр, – деп сөзін аяқтады.

ОҚИҒАНЫҢ МӘН-ЖАЙЫ

Бүгін таңертең Жетісай ауданының Алғабас ауылында екі қабатты жеке тұрғын үйден өрт шыққаны туралы хабар тарады. Қызыл жалын 12 адамның, оның ішінде 9 баланың өмірін жалмады. Марқұмдардың ең кішісі – бір жасқа да толмаған сәби.

Қайғылы оқиға бүкіл елді дүр сілкіндірді.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қаза тапқандардың жақындарына көңіл айтып, оқиғаны жан-жақты зерттеу үшін үкіметтік комиссия құрылды.