Үкімет азық-түлік бағасын бақылауды қатайтуға ниетті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Азық-түлік күн сайын қымбаттап жатыр
Үкіметтің мәліметінше, премьер-министрдің орынбасары - экономика министрі Серік Жұманғарин азық-түлік себетін егжей-тегжейлі талдап, бағаны тұрақтандыруға мүмкіндік беретін шаралар әзірлеуді тапсырды. Бұл жұмысқа Сауда министрлігі жауапты. Қарашаның алғашқы екі аптасында Қазақстанда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік 0,1% қымбаттаған. Үкіметтің баспасөз қызметі көкөністер бағасы төмендегенін айтып отыр, бірақ бұл көбіне маусымдық құбылыс. Ал картоп керісінше қымбаттап жатыр: қараша басынан бері 2,2% қосып, ел бойынша бағасы қазір орташа 188 теңге/кг.
Картоп инфляциясы
Сауда вице-министрі Айжан Бижанова соңғы төрт-бес аптада картоп бағасы 4,5% өскенін мойындады. Оның айтуынша, бұған негізгі себеп — картоптың шетелге жөнелтілуі.
— Екі айда картоп экспорты 300 мың тонна болды, ал жақын уақытта жасалатын экспорттық келісімшарттардың жалпы көлемі — шамамен 200 мың тонна. Осылайша, біз елдің азық-түлік қауіпсіздігі үшін белгіленген 500 мың тонна жоспарлы шекке жақындап қалдық, — деп ескертті Бижанова.
Қараша басынан бері тауық жұмыртқасы мен құс еті де қымбаттады — жем мен импорттық компоненттердің бағасы өсіп кеткен. Бағаны ұстап тұру үшін құс фабрикаларына жем өндірісінде қолданылатын арзандатылған күнбағыс майы беріліп жатыр. Бірақ оған қоса арзан құрама жемдік астық та қажет, ал ол тапшы. Экономика министрі оның жеткізілуін қамтамасыз етуді тапсырды. Сонымен бірге, Продкорпорация тұрақтандыру қорына қарақұмықтың қосымша көлемін сатып алады. Бұл өнім ай басынан бері 1,3% қымбаттап үлгерген.
— Қазір инфляцияға әсер етіп, мемлекеттік шаралармен тұрақтандыруға болатын жалғыз фактор — азық-түлік. Бұл тек әлеуметтік маңызы бар тауарлар емес, қазіргі таңда мемлекеттік реттеуге кірмейтін азық-түлік себетіне кіретін барлық өнімдер туралы сөз болып отыр, — деді Серік Жұманғарин.