Биліктен әділдік талап еткен сарбаздардың аналары тағы да қысымға ұшырағанын мәлімдеді. Бірінші топтағы мүгедек болып қалған сарбаз Ұлан Мұсаевтың анасы Гүлмира Мұқажанова редакциямызға хабарласып, олар көрген қысым мен заңсыздық туралы айтып берді.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Гүлмира Мұқажанованың айтуынша, бейбіт түрде жиналған аналар митингтен кейін ешқандай түсіндірусіз ұсталып, бірнеше сағат бойы полиция бөлімдерінде қамалған. Бірі 9 сағатқа жуық, енді бірі бес сағаттан астам уақыт отырған. Оның сөзінше, ұстау кезінде күш қолданылып, Мұқажанова дене жарақатын алған.
- Қол-аяғым көгеріп қалған. Автобусқа салған кезде тепкілеген. Травматолог бәрін тіркеді. Арыз жаздым, бірақ үш күн болды — ешкім жауап бермеді, – дейді Мұқажанова.
Аналардың қайғысына ортақтасып, қолдауға келген азаматтарға 117 мың теңге айыппұл салынған. Ал Сандуғаш Қантарбаева есімді әйелді 15 тәулікке қамап тастаған.
- Бізді Алматы ауданы, Байқоңыр ауданындағы полиция учаскесіне алып барып, 5 сағат заңсыз ұстады. Қолдауға келгендер 8 сағаттар астам отырды. Оған қоса, шеруге қатысып, қайғымызға ортақтасқан Сандуғаш Қантарбаеваны сол жерде 15 тәулікке қамап жіберді, – деп жалғастырды ана.
Айыппұл арқалаған әйелдердің бірі - Гүлім Болатжан әділетсіздік деп отыр.
- Онлайн сот бар-жоғы үш минут болды. Сол жерде 117 мың теңге айыппұл салды. Жақында біз Астанаға тағы жиналамыз. Президент біздің мәселемізді шешуге 12 күн берді. Сол мерзімде нақты жауап аламыз ба, жоқ па – көреміз, – дейді Болатжан.
КОНТЕКСТ
Президент әкімшілігі орналасқан Үкімет үйінің 16-кіреберісі алдында әскери борышын өтеп жүріп қаза тапқан сарбаздардың аналары митингке шықты. Олар әділ әрі ашық тергеу жүргізуді талап етті. Суықта жеті сағатқа жуық тұрған әйелдердің кейбірі есінен танып қалды. Соңында ОМОН келіп, аналарды күштеп автобустарға отырғызып, полиция бөлімшесіне алып кеткен.
Ата-аналар өз үндеуінде сарбаз өліміне қатысты істерді тәуелсіз тергеуді, оған қоғам мен ата-аналардың қатысуын және кінәлілердің жазалануын талап етті.
Сонымен қатар, олар:
— бұрын жабылған істерді қайта ашу,
— тәуелсіз қоғамдық комиссия құру,
— әскери бөлімдердегі медицина, тұрмыс және қауіпсіздікті жақсарту,
— психологиялық және наркологиялық тексеруді міндеттеу,
— әскери тергеуді ІІМ-ге бағындыру,
— бейнебақылау орнату, техника жаңарту,
— сарбаз отбасыларына өтемақы төлеу,
— «Әділет сарбаздары» қорына рұқсат беру
сияқты талаптар қойды.