ЖРВИ вирусының өршуіне байланысты 1469 сынып қашықтан оқыту форматына ауыстырылды

Ulysmedia
Фото: vlast.kz/Назерке Құрманғазинова

Қазақстандағы 132 мектепте 1 469 сынып ЖРВИ вирусының өршуіне байланысты қашықтан оқыту форматына ауысты, деп хабарлайды Ulysmedia.

Мән-жай

Vlast.kz сайтының жазуынша, орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз брифингінде бас мемлекеттік санитариялық дәрігер Сархат Бейсенова мектептердегі эпидемиялық жағдайға байланысты сұрақтарға жауап берген.

«Бүгінгі таңда жеті өңірде оқу процесін қашықтан оқыту форматына көшіру туралы шешім бар. Бұл республика бойынша 132 мектептегі 1 469 сынып», – деген Бейсенова.

Бас санитарлық дәрігердің айтынша, Астанада – 24 мектептің 182 сыныбы, Шығыс Қазақстан облысында – 57 мектептің 204 сыныбы, Абай облысында – 21 мектептің 276 сыныбы, Жамбыл облысында – 14 мектептің 598 сыныбы, Қостанай облысында – 12 мектептің 168 сыныбы, Ақмола облысында – 3 мектептің 21 сыныбы және Қарағанды облысында 1 мектептің 20 сыныбы қашықтан оқытуға көшкен.

Сархат Бейсенованың сөзінше, сабақтар кабинет жүйесіне бір инкубациялық кезең ішінде балалардың 20%-ы ауырған кезде ауыстырылады, ал 30% оқушы сырқаттанса сыныптар қашықтан оқуға көшіріледі.