Қырғызстанда экс-саясаткерлер бүліктер ұйымдастырмақ болған

Сырым Қаржас
Ulysmedia

Қырғызстан Ішкі істер министрлігі парламент сайлауынан кейін жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырмақ болды деп күдікке ілінген топтың ұсталғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz kaktus.media-ға сілтеме жасап.

МӘН-ЖАЙ

ІІМ мәліметінше, топ құрамында саяси қайраткерлер, экс-депутаттар, бұрынғы мемлекеттік қызметкерлер мен күштік құрылымдардың қызметкерлері, сондай-ақ олар тартқан ұйымдасқан қылмыстық топ өкілдері мен спорттық қауымдастықтардың мүшелері болған.

Тергеу болжамы бойынша, күдіктілер сайлау қорытындылары шыққан соң елдің бүкіл аумағында – алдымен оңтүстік өңірлерде, кейін Бішкекте және облыстарда жаппай наразылық митингілерін ұйымдастырып, халық арасында наразылық бар деген иллюзия жасауды жоспарлаған.

Олардың әрекет жоспарында антиконституциялық ұрандар, әкімшілік ғимараттарды, телеарналарды, күштік нысандарды, қару-жарақ сақтайтын орындар мен пенитенциарлық мекемелерді басып алу мүмкіндігі болғаны айтылды. ІІМ топтың нақты иерархиясы болғанын атап өтті: «үйлестіру топтары» саяси талаптарды алға тартуға тиіс болса, қылмыстық құрылымдар күштік қолдауды қамтамасыз етуі керек еді. Кейбір қатысушылар болашақ лауазымдарды алдын ала бөлісіп қойған.

КОНТЕКСТ

Еске салайық, 22 қарашада құқық қорғаушылар Қырғызстанның бұрынғы бірінші ханымы Раиса Атамбаеваның пәтерінде тінту жүргізіп, оны ұлы Қадырбекпен бірге ІІМ Тергеу қызметіне жеткізген. Сондай-ақ бөлімшеге Темірлан Сұлтанбеков, оның анасы Қиял Токторбаева, Қадырбек Атамбаев, Шайлообек Атазов, Сыймык Жапыкеев және Қубанычбек Қадыров жеткізілді.