АҚШ Венесуэлаға қатысты жаңа операциялық кезеңді бастауға дайындалып жатыр – БАҚ

Сырым Қаржас
Getty Images

АҚШ алдағы күндері Венесуэлаға қатысты әрекеттерінің жаңа фазасына өтуі мүмкін, деп хабарлады Reuters агенттігіне төрт америкалық шенеунік, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Дереккөздердің айтуынша, Дональд Трамп әкімшілігі Венесуэла президенті Николас Мадуроға қысымды күшейтуді көздеп отыр, алайда операцияның нақты мерзімі мен ауқымы әзірше белгісіз. Агенттіктің жазуынша, кейінгі апталарда Кариб аймағындағы АҚШ әскери белсенділігі артып, Вашингтонның ықтимал қадамдары туралы хабарламалар жиілеген.

Екі дереккөздің мәлімдеуінше, алғашқы кезең жасырын операциялар болуы мүмкін, бірақ ресми тұлғалар аты-жөнін көрсетпей, пікір білдірген.

Reuters-тің мәліметінше, Трамп әкімшілігі бірнеше нұсқаны қарастырып жатыр, оның ішінде Мадуроны биліктен кетіру талпынысы да бар. 2013 жылдан бері елді басқарып келе жатқан Венесуэла басшысы АҚШ оны құлатуға ұмтылады деп есептейді және қарсы тұратынын айтады.

ДӘЙЕКСӨЗ

– Президент Трамп АҚШ қуатының барлық тетігін қолдануға дайын, бұл – елге есірткі тасымалын тоқтату және кінәлілерді жауапқа тарту үшін қажет, – деді дереккөз.

Сонымен қатар, Кариб аймағындағы әскери күшейту бірнеше айдан бері жалғасып келе жатқаны және Трамп CIA-ның құпия операцияларын мақұлдағаны хабарланды. АҚШ-тың Федералды авиация басқармасы әуе компанияларын Венесуэла үстінен ұшу қаупі туралы ескерткен соң, үш халықаралық тасымалдаушы елден ұшатын рейстерін тоқтатқан.