Reuters агенттігінің есептеуінше, қараша айында Ресей бюджеті мұнай мен газ сатудан 520 млрд рубль алады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 35%-ға аз, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ҚАРАШАДАҒЫ ТАБЫС 7,4%-ҒА ТӨМЕНДЕЙДІ
Қазан айымен салыстырғанда қарашадағы табыс 7,4%-ға қысқарады деп күтілуде (пайда салығын есептемегенде). Қаңтар-қараша аралығында Ресей бюджетіне 8 трлн рубль мұнай-газ кірісі түспек – бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінен 22%-ға аз.
НЕГІЗГІ СЕБЕПТЕР
Табыс құлдырауының басты себептері – мұнай бағасының төмендеуі және рубльдің нығаюы. Reuters дерегінше, қаңтар-қараша аралығында ресейлік мұнайдың салық есептеу бағасы барреліне 57,3 доллар болған. 2024 жылы ол 68,3 доллар еді. Ал рубль осы кезеңде 91,7-ден 81,1-ге дейін нығайған.
САНКЦИЯЛАРДЫҢ ӘСЕРІ
АҚШ президенті Дональд Трамп әкімшілігі қазан айының соңында «Роснефть» пен «Лукойл» компанияларына қосымша санкциялар енгізгеннен кейін ресейлік мұнайға сұраныс пен баға айтарлықтай төмендеді.
КРЕМЛЬДІҢ НЕГІЗГІ КІРІСІ ҚЫСҚАРҒАН
Reuters атап өткендей, мұнай-газ кірістері Кремль үшін аса маңызды – федералдық бюджет түсімдерінің төрттен бірін қамтамасыз етеді. Бірақ олардың қысқаруы бірнеше айдан бері байқалып келеді.
Қазан айында табыс өткен жылмен салыстырғанда 26,6%-ға, ал қыркүйекте 32%-ға азайған. Ресей Қаржы министрлігі 2025 жылы мұнай мен газдан 10,94 трлн рубль табыс түседі деп жоспарлаған, алайда қазан айында болжамды 8,65 трлн рубльге дейін төмендетті.