Көлік вице-министрі Мақсат Қалиақпаров ел ішіндегі әуе және теміржол бағыттары бойынша рейстер саны артатынын мәлімдеп, билет бағасына қатысты сұрақтарға жауап берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Үкіметте өткен баспасөз брифингінде Мақсат Қалиақпаров жолаушылар тасымалының көлемін ұлғайту бойынша жоспарларды баяндады. Оның айтуынша, сұраныс жоғары бағыттарда қосымша мүмкіндіктер жасалады.
- Әуе рейстерінің саны көбейеді. Қосымша рейстер негізгі бағыттар бойынша анықталады. Бұл жолаушылар орнының санын арттыру арқылы да, тікелей жаңа рейстер ашу арқылы да жүзеге асады. Әсіресе Алматы, Шымкент, Ақтау бағыттары бойынша ұлғайту жоспарланған, — деді ол.
Вице-министр теміржол бағыттарында да жолаушылар ағынын қамтамасыз ету үшін қолданыстағы маршруттарға тіркеме вагондар қосылатынын айтты.
- Теміржол бағыттарына да қосымша құрамдар қойылады. Жолаушылар санын көбейту үшін тіркеме вагондар қосамыз, — деді Қалиақпаров.
Журналистер көтерген ең өзекті мәселе — билет бағасының қымбаттауы. Бұған вице-министр нақты жауап беріп, алдағы кезеңде баға өсімі жоспарланбағанын айтты.
- Жалпы алғанда, билет бағасының қымбаттауы күтілмейді. Халықтың 50%-дан астамы мерекелерге байланысты сапарларын алдын ала жоспарлап, билеттерін ерте сатып алады. Келесі жылға арналған жоспарларда билет бағасын көтеру қарастырылмаған, — деп түсіндірді ол.