Әлемдегі ең ірі аралас жекпе-жек ұйымы Ultimate Fighting Championship (UFC) үздік спортшылар рейтингін жаңартты. Қазақстандық Шавкат Рахмонов пен Асу Алмабаев көрсеткіштерін жақсартып, жоғары орынға көтерілді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Өткен демалыс күндері UFC тарихында алғаш рет Катарда турнир өткізді. Бұл жарысқа бірден бірнеше қазақстандық спортшы қатысты: Бекзат Алмахан мен Асу Алмабаев октагонға шықса, Шавкат Рахмонов бапкер ретінде қолдау көрсетті.
Алмахан төрешілер шешімімен Александр Топурияға (чемпион Илия Топурияның ағасы) жол берді. Ал Асу Алмабаев қарсыласы Алекс Пересті әсерлі әдіспен тұншықтырып жеңді.
Нәтижесінде Алмахан топ-15 қатарына кіре алмады, ал Алмабаев жеңіл салмақта сегізінші орыннан жетінші орынға көтерілді.
БЕЛАЛ ҮШ САТЫҒА ТӨМЕНДЕДІ
Қазақстандықтардың қатысуымен өткен тағы бір салмақ дәрежесінде – жартылай орта салмақта – өзгерістер болды. Ирландиялық Иэн Гэрри бұрынғы чемпион Белал Мухаммедті төрешілер шешімімен жеңіп, екінші орынға шықты. Белал үш сатыға төмендеді.
ШАВКАТ ТА КӨТЕРІЛДІ
Сонымен қатар Шавкат Рахмонов та жоғарылады: ол бұған дейін төртінші орында болса, енді үшінші орынға көтеріліп, Белал Мухаммед пен Майкл Моралеске қарағанда алға шықты.
Шавкат Рахмонов соңғы рет октагонға өткен жылдың желтоқсанында шыққан еді. Ол кезде қазақстандық спортшы төрешілердің бірауызды шешімімен Иэн Гэрриді жеңген болатын. Кейін ол биыл мамырда титулдық жекпе-жекке қатысуы мүмкін еді, бірақ жарақатына байланысты бас тартты. Қазір спортшы бабын қайта жинап, 2026 жылы UFC аренасына оралуды жоспарлап отыр.