Әр он минут сайын бір әйел зорлық құрбаны болады

Ілияс Бақыт
Әлеуметтік желіден

2024 жылы әлемде 83 мың әйел мен қыз бала әдейі өлтірілген. Біріккен Ұлттар Ұйымының есебіне сәйкес, әрбір он минут сайын бір әйел немесе қыз (орта есеппен күніне 137 адам) өз серіктесі немесе туысының қолынан қаза табады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Жалпы көрсеткіштің 60 пайызы – яғни 50 мың әйел мен қыз – жақын серіктестерінің немесе туыстарының құрбаны болған. Бұл деректер Біріккен Ұлттар Ұйымының Есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасы мен «БҰҰ-әйелдер» құрылымының 24 қарашада жариялаған баяндамасында келтірілді. Есеп әйелдерге қарсы зорлық-зомбылықты жою халықаралық күніне орай жасалған.

Салыстыру үшін: ер адамдарға жасалған кісі өлтірудің тек 11 пайызы ғана серіктестер немесе отбасы мүшелері тарапынан жасалған.

ОНЛАЙН КЕҢІСТІКТЕН ШЫҒЫП ЖАТЫР

«Фемицид (жыныстық негіздегі зорлық-зомбылықтан туындайтын әйелді әдейі өлтіру) ешқашан аяқ астынан пайда болмайды. Ол көбіне ұзақ уақыт жалғасқан зорлық-зомбылықтың соңғы нүктесіне айналады. Мұндай жағдай бақылаудан, қорқыту мен қудалаудан басталады, оның ішінде интернеттегі қысым да бар», – деді «БҰҰ-әйелдер» ұйымының саясат, бағдарламалар және үкіметаралық қатынастар бөлімінің директоры Сара Хендрикс.

Интернеттегі зорлық-зомбылық жиі шынайы өмірге ауысып, физикалық әрекеттерге ұласады, ал ең ауыр жағдайда кісі өлтіруге әкеледі.

ЕҢ ЖОҒАРЫ ДЕҢГЕЙІ АФРИКАДА

Жақын серіктестер немесе отбасы мүшелері тарапынан жасалған фемицидтің ең жоғары көрсеткіші Африкада тіркелген – әрбір 100 мың әйел мен қызға шаққанда 3 жағдай. Одан кейін Америка елдері (1,5), Океания (1,4), Азия (0,7) және Еуропа (0,5) көрсеткіштері келеді.

Германия Ішкі істер министрлігінің дерегіне сәйкес, 2024 жылы елде 308 әйел мен қыз зорлық-зомбылық салдарынан қаза тапқан. Оның 191 жағдайында қылмыскер серіктесі, бұрынғы серіктесі немесе отбасы мүшесі болған.

Германияда фемицид жеке қылмыс түрі ретінде қарастырылмайды. Мұндай қылмыс жасағандар жалпы «кісі өлтіру» немесе «абайсызда кісі өлтіру» баптары бойынша сотталады.