Техас төрінде қазақ боксшысы чемпиондық үшін таласады

Ілияс Бақыт
Ашық дереккөзден

Қазақстандық орта салмақтағы әлем чемпионы, Жәнібек Әлімханұлы (WBO және IBF тұжырымдары бойынша) енді WBA белбеуі үшін кубалық кәсіпқой боксшы Эрисланди Ларамен кездеседі, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Жекпе-жек 2025 жылдың 7 желтоқсанында АҚШ-тың Техас штатындағы Сан-Антонио қаласында орналасқан Frost Bank Center аренасында өтеді. Бұл кештің басты айқасы ретінде Әлімханұлы мен Лара шаршы алаңға шығады.

Жекпе-жекті тікелей эфирде Qazsport және Qazaqstan телеарналарынан, сондай-ақ олардың ресми сайттарынан көруге болады. Трансляция Қазақстан уақытымен 7 желтоқсан күні таңғы сағат 06:00-де басталады.

Мамандардың айтуынша, Эрисланди Лара – Жанибек Әлімханұлы үшін ең күрделі әрі мықты қарсыластардың бірі болмақ.

BoxRec беделді порталы бұл жекпе-жекке ең жоғары баға – 5 жұлдыз берді. Бұған дейін Әлімханұлының айқастары ең көбі 3 жұлдыз алған еді. Мұндай рейтинг тек ең жоғары деңгейдегі, чемпиондардың белбеуін қорғау жекпе-жектеріне беріледі.

Еске сала кетейік, Жанибек Әлімханұлы соңғы рет 2025 жылдың 5 сәуірінде Астанадағы «Барыс Аренада» шаршы алаңға шыққан болатын. Ол кезде Халықаралық бокс федерациясының (IBF) рейтингінде жетінші орында тұрған француз Анауэль Нгамиссенгемен кездесіп, бесінші раундта екі дәл сол қол соққысымен ауыр нокаутқа жіберген.

Ал Эрисланди Лара соңғы рет 2024 жылдың 14 қыркүйегінде АҚШ-тың Невада штатындағы Лас-Вегас қаласында орналасқан T-Mobile Arena алаңында жұдырықтасқан. Оның қарсыласы сол кезде WBA белбеуінің иегері америкалық Дэнни Гарсия еді.

Жекпе-жек тоғызыншы раундқа дейін жалғасты. Раунд соңында Лара қарсыласына ауыр сол қол соққысын дәл тигізіп, Гарсия нокдаунға түсті. Ол қайта тұрғанымен, гонг соғылып, раунд аяқталды. Алайда Гарсия оныншы раундқа шықпай, командасы оны тоқтатты. Осылайша Лара техникалық нокаутпен жеңіске жетіп, WBA белбеуін иеленді.