Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова вакциналарға арналған мемлекеттік келісімшарттар бойынша ведомство "ірі көлемдегі "откат" алды" деген айыптау жөнінде түсінік берді. Министрдің айтуынша, ведомство бұл жарияланымды жазған қоғам белсендісі Дидар Смағұловқа сотқа дейінгі талап жолдаған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Көкжөтелге қарсы вакцина туралы
Министрдің мәліметінше, Қазақстан 2013 жылдан бері көкжөтелге қарсы жасушасыз вакцинаны қолданады. Әлназарова бұл препараттың жоғары қауіпсіздік талаптарына сай келетінін, әлемнің 30-дан астам дамыған елінде кеңінен қолданылатынын атап өтті.
Қазақстан — Орталық Азияда бұл вакцинаға ең алғашқы болып өткен мемлекет. Бүгінге дейін 7 жасқа дейінгі балаларға 21 миллионнан астам доза салынған және бірде-бір ауыр реакция тіркелмеген.
Министрлік дерегіне сәйкес, дәл осы вакцинаның бағасы Қазақстанда ұқсас елдермен салыстырғанда ең төмен.
Министрдің мәлімдемесі
Әлназарова жарияланған айыптаулардың салдарынан қоғамда түсінбеушілік туындағанын айтып, былай деді:
- Бұл жарияланымды мен тек министрліктің іскерлік беделіне нұқсан келтіру емес, сонымен қатар денсаулық сақтау жүйесіне және вакцинация идеологиясына деген азаматтардың сеніміне тікелей соққы деп есептеймін. Белгіленген мерзімде ресми түрде теріске шығару жарияланбаса, Министрлік сотқа жүгінуге құқылы. Біздің басымдық — азаматтардың денсаулығы, ашық әрі адал жұмыс. Біз әрдайым дәлелді медицинаға және халықаралық стандарттарға сүйенеміз. Бұл мәселеде біз манипуляцияға да, фактілерді бұрмалауға да жол бермейміз, — деді ведомство басшысы.
Бұған дейін
Еске салайық, бұған дейін қоғам белсендісі Дидар Смағұлов Денсаулық сақтау министрлігі ірі фармацевтикалық компанияның мүддесін лобби жасап отыр деп мәлімдеген болатын. Смағұлов АҚШ-тың Бағалы қағаздар және биржа жөніндегі комиссиясының деректеріне сүйене отырып, 2018 жылы Sanofi компаниясы мемлекеттік тендерлерде жеңу үшін «Қазақстанның лауазымды тұлғаларына пара бергенін» айтты. Оның мәліметінше, 2013 жылдан бері Қазақстан аталған француз компаниясынан жалпы құны 150 млрд теңгеге жуық жасушасыз вакциналар сатып алған.