Киік мүйізінен миллиардтар - таңбалау енгізілмек

Ілияс Бақыт
Ulysmedia коллажы

Қазақстанда 1 желтоқсаннан бастап міндетті таңбалануға жататын тауарлар тізімі кеңейеді. Бұл туралы Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Қазір елде темекі өнімдері, аяқ киім және дәрі-дәрмектер таңбаланып жүр. Енді бұл тізімге тағы төрт тауар тобы қосылды:

  • сыра өнімдері;
  • мотор майлары;
  • жеңіл өнеркәсіп тауарлары;
  • сайғақтың дериваттары (мүйіздері).

КИІК МҮЙІЗДЕРІН ТАҢБАЛАУ

«1 желтоқсаннан бастап киік мүйіздерін міндетті таңбалау күшіне енеді. Бұл шара мүйіздің қайдан шыққанын бақылауға, заңсыз айналымды болдырмауға және заңды қорларды қадағалауға мүмкіндік береді. Осылайша мемлекет браконьерлікті азайтуды көздеп отыр», – делінген ресми хабарламада.

Сыра өнімдері мен мотор майларын таңбалау 2026 жылдың 1 ақпанынан басталады, ал жеңіл өнеркәсіп тауарлары 2026 жылдың 1 желтоқсанынан таңбаланбақ.

КОД АРҚЫЛЫ БАҚЫЛАУ

Арнайы Data Matrix-код әр өнімге жеке қойылады. Бұл код тауардың өндірушіден тұтынушыға дейінгі жолын бақылауға мүмкіндік береді. Барлық ақпарат тауарларды таңбалау және қадағалау ақпараттық жүйесінде тіркеледі.

КИІК ПОПУЛЯЦИЯСЫН РЕТТЕУ

Маусым айының соңында Қазақстанда киік саны 3,9 миллионға жеткені хабарланған. Осыған байланысты олардың санын реттеу үшін атуға рұқсат берілген. Бұл шешім ғылыми қорытындыларға, фермерлердің ұсыныстарына және әлемдік тәжірибеге сүйене отырып қабылданған. Қазір киік етін елдің тоғыз өңірінде, соның ішінде астанада да, 2300 теңгеден сатып алуға болады.

БҰҒАН ДЕЙІН

Қазақстан киік мүйізін экспортқа шығару арқылы табысты арттыруды жоспарлағанын, алайда Экология және табиғи ресурстар министрінің өзі әзірге бұл қазынаға қанша ақша түсіретінін білмейтінін жазған едік.