Ақтөбеде туған жігіт күтпеген жерден Ресей азаматтығынан айырылған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Ол Қазақстаннан 7 жасында көшіп кеткен. Ресейдің Саратов облысына барғаннан кейін алдымен оған тұруға рұқсат рәсімделген, кейін туу туралы куәлігіне Ресей азаматтығын растайтын белгі қойылған. 2024 жылдың жазында жігіт Украинадағы соғысқа қатысып жүрген кезде, анасына оның Ресей азаматтығынан айырылғаны және паспортының күшін жойғаны туралы хабарлама келген. Миграциялық қызмет туу туралы куәліктегі белгіні қателік деп тапқан.
— Ол қазір соғыста жүр, оны азаматтықтан қалай айырады? Тіпті шетелдіктердің өзі соғысқа барып, бірнеше айдың ішінде жеңілдетілген тәртіппен Ресей азаматтығын алып жатыр ғой. Маған «егер келіспесеңіз, сотқа жүгіне аласыз» деп жауап берді, — дейді анасы Fontanka басылымына берген сұхбатында.
ҚАЗАҚСТАН КОНСУЛДЫҒЫ
Ресейдің ІІМ мамандары әйелге Қазақстанның консулдығына жүгінуге кеңес берген. Алайда біздің дипломаттар көмек көрсете алмайтындарын айтқан, себебі жігіт Қазақстан азаматы емес Ресей азаматы болған. Дипломаттар оған Саратов облысындағы Әділет министрлігі басқармасына хабарласуды ұсыныпты. Нәтижесінде әйел «ұлы Қазақстанда туу туралы куәлігінен басқа ешқандай байланысы болмаған» деген ресми жауап алған.