Еуропа орталық банкі Еурокомиссияның Ресейдің мұздатылған активтері есебінен Киевке несие беруге қатысты ұсынысын қабылдамады. Банк мұны тікелей үкіметтерді қаржыландырумен тең қадам деп атап, Еуропа Одағының ережелерін бұзатынын айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.
Мән-жай
The Financial Times газетінің жазуына, Еуропа орталық банкі (ЕОБ) Ресейдің мұздатылған активтері есебінен Украинаға 140 миллиард еуро көлемінде репарациялық несие беру бастамасын қолдаудан бас тартқан.
Газет деректеріне қарағанда, Еурокомиссия өкілдері Еуропа орталық банкін негізгі Ресей активтері сақталған бельгиялық Euroclear депозитарийіне несие беруші ретінде қатысуды ұсынған. Ондағы мақсат болуы мүмкін ликвидтілік дағдарысын болдырмау болған.
Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін батыс елдері шамамен 210 миллиард еуро көлеміндегі ресейлік активтерді бұғаттаған. Еурокомиссия жоспары бойынша сол активтердің 140 миллиард еуросын Украинаға «репарациялық несие» ретінде беру қарастырылған.
Заң тұрғыда бұл қаражаттар тәркіленбеген. Алайда Ресей оны тек Украинаға репарация төлегеннен кейін ғана қайтара алады. Ал Украина Ресейдің төлемінен түскен қаражат есебінен Еурокомиссиядан алған «репарациялық несие» борышын өтейтін болады.
Белгия билігі бұл ұсынысқа қарсы шыққан. Премьер-министрі Барт де Вевер Еврокомиссия төрайымы Урсула фон дер Ляйенге жазған хатында жоспарды «дұрыс емес» деп атап, Бельгия үшін қауіпті екенін ескерткен. Ол бұл механизм Euroclear-ға деген сенімді жоғалтатынын айтқан.