Қара теңізде ресейлік танкерге шабуыл жасалды

Ілияс Бақыт
Ашық дереккөзден

Түркия жағалауында Ресейден Грузияға күнбағыс майын тасымалдаған Midvolga 2 танкеріне шабуыл жасалды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

2 желтоқсанда Түркияның көлік және инфрақұрылым министрлігі хабарлағандай, Қара теңізде Түркия жағалауынан шамамен 120 шақырым қашықтықта ресейлік Midvolga 2 танкеріне дрондармен шабуыл жасалды. Кеме Ресейден Грузияға күнбағыс майын жеткізіп бара жатқан. Оның бортында 13 теңізші болған. Танкер көмек сұрамады, зардап шеккендер туралы ақпарат жоқ. Қазір кеме Синоп қаласына қарай қозғалып барады.

КЕМЕ ТУРАЛЫ

VesselFinder қызметінің дерегіне сәйкес, Midvolga 2 2014 жылы салынған және Ресей туы астында жүреді. Оның иесі – Мәскеуде тіркелген «Средневолжская судоходная компаниясы». Бұл компания Украина санкциясына іліккен.

Ресейдің теңіз және өзен флоты агенттігі (Росморречфлот) шабуыл дрондар арқылы жасалғанын, танкердің үстіңгі бөлігінде аздаған зақым барын, бірақ су кірмегенін мәлімдеді. Бұл – Ресейден өнім тасымалдаған танкерлерге осы аптада жасалған төртінші шабуыл.

ШАБУЫЛДАР СЕРИЯСЫ

Бұған дейін ресейлік мұнай тасымалдаған Mersin танкерінде төрт жарылыс болған. Besiktas Shipping компаниясының өкілі оқиғаның Сенегал астанасы Дакар маңында болғанын айтты. Танкердің корпусында тесік пайда болып, машиналық бөлімге су кіргенімен, кеме тұрақты жағдайда қалған, экипаж аман болған. Қоршаған ортаға зиян келмеген.

28 қарашада Қара теңізде Босфор маңында Гамбия туы астында жүрген Kairos және Virat танкерлеріне шабуыл жасалды. Түркияның жағалау күзеті Kairos кемесіндегі 25 теңізшіні эвакуациялады, себебі шабуылдан кейін кеме өртенді. Virat танкерінде 20 теңізші болған, олардың өміріне қауіп төнбегенін министр Абдулкадир Уралоглу растады. Reuters дерегінше, бұл екі танкер Ресейдің «көлеңкелі флотына» тиесілі және Батыс санкциясына ұшыраған.

ТҮРКИЯНЫҢ РЕАКЦИЯСЫ

Украина қауіпсіздік қызметінің дереккөздері РБК Украина және Суспiльне басылымдарына екі танкердің теңіздегі Sea Baby атты дрондармен атқыланғанын хабарлады. Олардың айтуынша, Ресей порттарына кірген бұл кемелер шабуылдан кейін істен шыққан.