«Арыз жазғандарды мазақ ету» - журналист блогердің жеңіл жазасына қарсы шықты

Ілияс Бақыт
Ulysmedia коллажы

Журналист Гүлбану Әниятқызы әлеуметтік желіде ерекше баласы бар ата-аналарды қорлаған блогер туралы өз пікірін жариялап, қоғамдағы әділетсіздікке назар аудартты. Оның айтуынша, блогердің жазасы тым жеңіл болып, қайталанбас үшін жеткілікті шара қолданылмаған, деп хабарлайдыUlysmedia.kz.

СОТТЫҢ ЖЕҢІЛ ЖАЗАСЫ ҚОҒАМДЫ АШУЛАНДЫРДЫ

Гүлбану Әниятқызының жазуынша, блогер ерекше балалардың ата-аналарын балағаттап, “ерекше балалардың тууына жүргіш ата-аналары кінәлі” деп қорлай отырып, Әкімшілік кодекстің ең жеңіл бабымен құтылған. Журналист бұл жағдайды әділетсіз деп есептейді:

“Соттың ең жеңіл баппен жазалай салуы — арыз жазғандарды мазақ қылу”, — дейді ол.

Оның пікірінше, бұл жерде ұсақ бұзақылық емес, нақты ар-намысқа бағытталған агрессия бар, ал сот мұны көрмей отыр.

БЛОГЕР ЖАЗАДАН КЕЙІН ДЕ ӘРЕКЕТІН ТОҚТАТПАҒАН

Гүлбану Әниятқызы блогердің айыппұл алғаннан кейін де әрекетін жалғастырғанын айтады.

“Парақшасын жауып тастап, қарсы пікір жазғандарды бұғаттап, штрафтың ақшасын жұрттан жинап, айтқандарын одан ары дәлелдеп отыр”, — деп жазды журналист.

Ең өкініштісі — мұндай әрекетті қолдайтындардың көп болуы қоғамның өзінде үлкен проблема бар екенін көрсетеді.

ЕРЕКШЕ БАЛАЛАРДЫҢ АТА-АНАЛАРЫ — ЕҢ ӘЛСІЗ ТОП

Журналист қоғамдағы әлсіз топтардың бірі — ерекше қажеттіліктері бар балалардың ата-аналары екенін атап өтті. Олардың өмірі күнделікті күрес, ем іздеу, қаражат табумен өтеді. Сол себепті оларға жасалған кез келген қысым ерекше ауыр тиеді.

“Осындай жандарды қорлаған адам жеңіл баппен құтылмауы тиіс еді. Сот пен полиция бізді қорғауы керек еді”, — дейді.

ҚЫЛМЫСТЫҚ ІС ҚОЗҒАУҒА НЕГІЗ БОЛҒАН, БІРАҚ…

Журналист заңгерлермен сөйлескенін айтып, бұл істе қылмыстық жауапкершілікке тартуға толық негіз болғанын жеткізді. Себебі блогердің “Рухани азғындық”, “Ерекше балалардың тууына ата-аналары кінәлі” деген сөздері Қылмыстық кодекстің 174-бабына, яғни алауыздық тудыруға жатуы мүмкін еді.

“Сөздеріне құқықтық баға берілген жоқ. Сотқа да бәрібір. Бізде заң бар, бірақ әділет жоқ. Бап бар, бірақ қолданылмайды”, — деп қынжылды журналист.

Қазіргі таңда “Ерекше балалардың ата-аналарының одағы” петицияға қол жинап жатыр. Журналист қоғамды үн қосуға шақырды.

БҰҒАН ДЕЙІН

Әлеуметтік желілерде блогердің ерекше балалар туралы жариялаған бейнеролигі қоғамда үлкен наразылық туғызды. Ол видеода мүгедектігі бар балалардың дүниеге келуін «азғындықпен», «рухани заңдармен» және «табиғаттың жазасымен» байланыстыруға тырысқан. Бұл сөздер ата-аналардың ашу-ызасын тудырды.