Қазақстанда прокуратура қызметкерлері күні атап өтіліп жатыр

Сырым Қаржас
gov.kz

6 желтоқсанда Қазақстанда прокуратура органдары қызметкерлерінің кәсіби мерекесі аталып өтеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Бұл күн 1991 жылғы 6 желтоқсанда қабылданған Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің қаулысына негізделген. Аталған құжатпен прокуратураның бірыңғай жүйесі құрылып, оның тәуелсіздігі мен дербестігіне кепілдік берілген.

ТАРИХЫ

Қазақстан мемлекеттік прокуратурасының тарихы 1922 жылдан бастау алады. Сол жылы ол Қазақ АКСР-інің Халық комиссариаты жанында жұмыс істей бастады. 1933 жылы Халық комиссариаты құрамында прокуратура басқармасы құрылып, біршама дербес орган мәртебесіне ие болды.

1936 жылы Қазақстан одақтас республика статусын алғаннан кейін прокуратура жеке құқық қорғау органы ретінде бөлініп шығып, тікелей КСРО прокурорына бағынды. Бір жылдан соң прокуратураның Халық комиссариатынан толық бөлінуі аяқталды.

Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін ведомство жұмысына елеулі өзгерістер енгізілді. 1995 жылғы Конституция прокуратураға ел президентіне бағынатын тәуелсіз орган мәртебесін беріп, бас прокурор басқаратын орталықтандырылған басқару жүйесін бекітті.