Газа секторына Израиль әскерилері тағы соққы жасады

Сырым Қаржас
Анадолу

Хан-Юнус қаласының шығыс бөлігінде ондаған ғимарат қирады. Жергілікті билік өкілдері жарылғыш заттың тікелей тұрғын үйлер тұрған аумаққа қолданылғанын, оған қарамастан атысты тоқтату режимі күшінде тұрғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

TRT таратқан мәліметке қарағанда, одан кейін қаланы жанай орналасқан аудандарға артиллериядан қарқынды соққы жасалған. Израиль әскері алдымен Туффах пен Шуджайя аудандарының үстінен жарық беретін снарядтар атқан, артынан жаппай атқылау басталған. Соңғы екі тәулікте Израиль әуе күштері Газа секторының шығыс бөлігін нысанаға алуды күшейткен. Соққы қаланың өзіне, Рафахқа және Әл-Магази босқындар лагеріне бағытталды.

Сектор билігі мұны 10 қазаннан бері күшінде тұрған атысты тоқтату режимінің кезекті бұзылуы деп бағалайды. Ресми мәлімет бойынша, келісім басталғалы бері жүздеген құқық бұзушылық тіркелген. 367 палестиналық қаза тапты.

БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі Жоғарғы комиссары басқармасы өкілінің айтуынша, әлем елдері Израильді соққыны тоқтатуға және Халықаралық соттың талаптарын орындауға міндеттеуі тиіс. Тамин әл-Хитанның пікірінше, ықпалы бар кез келген мемлекет соғысты тоқтатуға бағытталған шара қолдануға міндетті.

КОНТЕКСТ

Газадағы қақтығысқа екі жылдан астам уақыт болды. Жергілікті дерек көздері 2023 жылдың қазанынан бері 70 мыңнан астам палестиналық қаза тапқанын хабарлайды. Құрбандардың басым бөлігі – әйелдер мен балалар. 171 мыңнан астам адам жараланған.