Украина дрондары Қара теңізде Ресейдің «көлеңкелі флотына» тиесілі танкерді тағы да шабуылдады, деп хабарлайды Ulysmedia.
Мән-жай
Украина Қара теңізде Ресей «көлеңкелі флотына» тиесілі Dashan танкерін су дрондарымен шабуылдады. Салдарынан танкерге ауыр зақым келген. Бұл жөнінде «Неміс толқыны» (DW) басылымы Украина қауіпсіздік қызметіндегі дереккөздеріне сүйеніп жазды. Оқиға 10 желтоқсанда болған. Мұнай танкеріне жасалған шабуылды Ресейдің соғысшыл Telegram-арналары, соның ішінде РФ Қорғаныс министрлігіне жақын «Рыбарь» арнасы да растады.
Украина қауіпсіздік қызметінің бағалауынша, зақымданған танкердің құны шамамен — 30 млн доллар. Ол бір рейсте шамамен 60 млн доллар көлеміндегі мұнай өнімдерін тасымалдаған.
Бұған дейін Еуропалық одақ, Ұлыбритания, Канада, Австралия және Швейцария Dashan танкеріне Ресей мұнайын тасымалдағаны және жоғары тәуекелді навигация жүргізгені (идентификация жүйесі өшірілген күйде жүруі) үшін санкция салған болатын.
КҚК-ға Украина шабуылы, Қазақстан реакциясы
29 қарашада Украина Қазақстан мұнайының 80 пайызы тасымалданатын Каспий құбыр консорциумын да су дрондарымен шабуылдаған. Осыдан кейін Қазақстан сыртқы істер министрлігі Украинаға наразылық нотасын жолдады. Астана болған оқиғаны азаматтық нысанға жасалған үшінші агрессиялық акт деп атаған. Киев дрон шабуылы Қазақстан немесе өзге тарапқа бағытталмағанын, Ресей агрессиясына қарсы өзін-өзі қорғау әрекеті екенін мәлімдеген. Ресей аумағынан өтетін бұл құбырмен Қазақстаннан бөлек, Ресей мен АҚШ акционерлері мұнай тасымалдайды.
Бүгін сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев КҚК қатысты Украина тарапымен болған келіссөздерге қатысты түсініктеме берген. Ол Киевпен құбырға қатысты талқылаулар болғанын растады.
«Екіжақты ынтымақтастық, сауда қатынастары жөніндегі мәселелер талқыланды. Құбырдың қауіпсіздігіне қатысты сұрақ та, әрине, назардан тыс қалған жоқ. Украин тарапында жағдайдың тұрақты болуы қажет деген түсіністік бар», — деді Ермек Көшербаев.
Қазақстан билігі Каспий құбыр консорциумына шабуыл жиілегеннен кейін мұнай экспортына балама жолдар қарастыра бастаған. Бұл жөнінде Ulysmedia бұған дейін де бірнеше рет жазған.