Қазақстандықтарды Қырғызстан шекарасынан өткізбей қойған

Сырым Қаржас
Ашық дереккөзден

Соңғы күндері ондаған қазақстандық Қырғызстанға кіре алмай қалды. Көпшілігі елге кіру тәртібіндегі жаңа талаптарды тек шекарадағы бақылау-өткізу бекеттерінде біліп, ресми түрде берілген бас тарту қағазын алған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz Kaktus басылымына сілтеме жасап.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Мәселенің түп-төркіні – миграциялық ережелерге енгізілген өзгерістер. Бұл талаптар биыл қыркүйек айында күшіне енген. Жаңа тәртіпке сәйкес, Қазақстан азаматтары Қырғызстан аумағында 180 күн ішінде 90 күннен артық бола алмайды. Егер адам тіркеуден өтпей, осы мерзімді асырып жіберсе, оған елге үш айға қайта кіруге тыйым салынады.

Маңыздысы – тіркеу тек елге кіргеннен кейін ғана рәсімделеді, оны алдын ала онлайн жасау мүмкін емес.

Қалыптасқан жағдай туралы Қырғызстан тұрғыны Игорь Пилядов айтып берген. Оның сөзінше, 14 желтоқсанда анасы – Қазақстан азаматы Светлана Пилядовамен бірге «Ақ-Жол» бақылау-өткізу бекеті арқылы елге өтпек болған. Алайда шекарашылар әйелді Қырғызстанға кіргізбеген. Светлана Пилядованың Қырғызстанда пәтері бар және ол бұл елде тұрақты тұрады.

Куәгерлердің айтуынша, мұндай жағдайлар 12 желтоқсаннан бастап жаппай тіркеле бастаған. Шекарада студенттер, зейнеткерлер, әйелдер қалған. Кейбір азаматтар бірнеше тәулік бойы бақылау-өткізу бекеттерінде күтуге мәжбүр болған.

Онлайн тіркеу жасау әрекеттері нәтиже бермеген: сервис жұмыс істемейді, ал шекарадан өтпейінше халыққа қызмет көрсету орталығына бару мүмкін емес.

Осыған ұқсас жағдай Қазақстан азаматы, Бішкектегі жекеменшік клиникада жұмыс істейтін дәрігер Самир Әскеровтің де басынан өткен. 14 желтоқсанда ол Қырғызстаннан шығып, сол күні қайта оралмақ болғанымен, шекарадан өте алмаған. Оның айтуынша, тіпті «Манас» әуежайынан ұшақ билеті бар азаматтарды да елге кіргізбеген.

Шекарашылар бас тартудың себептерін адамдарға бірнеше сағат бойы түсіндірмеген. Дәрігер бұған дейін шекарадан талай рет өткенін, алайда жаңа талаптар туралы еш жерде ескерту көрмегенін айтады. Енді ол жұмысынан айырылу қаупіне тап болып отыр, ал оның пациенттері қажетті ем-домсыз қалуы мүмкін.

ЖЕРГІЛІКТІ БИЛІК НЕ ДЕЙДІ

Қырғызстан ҰҚМК жанындағы Шекара қызметі шетел азаматтары жаңа талаптар туралы алдын ала бұқаралық ақпарат құралдары мен ресми арналар арқылы хабардар етілгенін мәлімдеді. Ведомство өкілдерінің айтуынша, елге кіргізбеу шешімі миграциялық заңнаманың бұзылуына байланысты қабылданады, ал бас тарту себептері шекарада табысталатын ресми актіде көрсетіледі.

Ал «Қызмат» мемлекеттік мекемесінде шетел азаматтарын тіркеу Қырғызстанға кіргеннен кейін ғана мүмкін екенін, оның онлайн және офлайн түрлері бар екенін еске салды. Қазақстан азаматтары алғашқы 30 күнде тіркеуден босатылады, алайда елде ұзақ уақыт қалу үшін тіркеу міндетті.

Сонымен қатар, Қырғызстан аумағында алты ай ішінде 90 күннен артық болуға болмайды. Жұмыс істеу, оқу немесе ұзақ мерзімге тұру үшін қосымша рұқсат құжаттары қажет.