БҚО-да қалың қар салдарынан 16 мың ауыл тұрғыны жарықсыз қалған

Сырым Қаржас
Ашық дереккөзден

БҚО-да қалың қар салдарынан 16 мың ауыл тұрғыны жарықсыз қалған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Батыс Қазақстан облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Бейімбет Мусин Өңірлік коммуникациялар қызметіндегі брифингте 13–14 желтоқсандағы қарлы боран мен қатты желдің салдарынан алты аудан электр жарығынсыз қалғанын мәлімдеді, деп жазады “Мой город”. Оның айтуынша, бұл шамамен 16 мың адамды қамтыған.

Басқарма басшысының сөзінше, қазіргі уақытта Бәйтерек, Ақжайық және Тасқала аудандарында электрмен жабдықтау толық қалпына келтірілген. Ал 16 елді мекенде жарықты қайта қосу жұмыстары әлі де жалғасып жатыр.

— Электр желілеріндегі апаттық-қалпына келтіру жұмыстары тәулік бойы тоқтаусыз жүргізілуде. Қазір 24 бригада (119 адам) және 25 арнайы техника жұмылдырылған. Электр қуатын толық қалпына келтіру үшін барлық шара қабылданып жатыр, жағдай басқарманың тұрақты бақылауында, — деді Бейімбет Мусин.

Сондай-ақ ол 15 желтоқсан күнгі түске дейін өңірде төрт аудан әлі де жарықсыз отырғанын, бұл шамамен бес мың адам екенін айтты. Ажыратулардың негізгі себебі — электр беру желілерінің тозуы. Мамандардың мәліметінше, сымдар желдің әсерінен шайқалып, оқшаулаудан шығады, ал қосалқы станцияларда қар электр шкафтарына толып қалады.

БҰҒАН ДЕЙІН

Еске салайық, бұған дейін БҚО-да боран кезінде төрт адам үсіп, қайтыс болғаны хабарланған еді.