Қазақстан Қырғызстанға жөнелтетін мұнай көлемін ұлғайтып, Өзбекстанға транзитті қайта бастады

Ulysmedia
Фото: ашық дереккөзден

«ҚазТрансОйл» ұлттық мұнай тасымал операторы Қырғызстанға жөнелтетін мұнай көлемін ұлғайтып, Өзбекстанға транзитті қайта бастады, деп хабарлайды Ulysmedia.

Мән-жай

Жыл соңына дейін қазақстандық компания Қырғызстанға 30 мың, Өзбекстанға 35 мың тонна шикізат жөнелтуді жоспарлап отыр.

Қырғызстанға мұнай тасымалы 2017 жылы тоқтап қалған еді. Ресми мәліметтерге сәйкес, мұнай магистральдік құбыр арқылы Түркістан облысындағы «Шағыр» мұнай құю бекетіне жеткізіліп, одан әрі теміржол цистерналарына құйылады.

«ҚазТрансОйл» АҚ — Қазақстанның ұлттық мұнай тасымалдаушы операторы, оның акцияларының 90%-ы «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясына тиесілі.

Контекст

Қазақстан мұнай экспортының 80%-ы Ресей арқылы өтетін жалғыз құбырға тәуелді болғандықтан, «мұнай тасымалдаудың балама бағыттарын» қарастырып жатыр. Оған кейінгі уақыттары Украинаның Қара теңіздегі Новороссийск портындағы Каспий құбыр консорциумы мұнай терминалына дрондармен шабуылдауы себеп болған. Қазақстан мұнайының 80 пайыз дәл осы терминал арқылы өтеді. Қарашаның соңында болған шабуыл салдарынан терминалдағы үш мұнай айдау құрылғысының біреуі істен шыққаны хабарланған. Салдарынан бреуі жөндеуде болғандықтан, тек бір терминал ғана жұмыс істеп қалған.

Сонымен қатар, 9 желтоқсанда Қашаған кенішінен өндірілген мұнайдың 50 мың тоннасы алғаш рет Қытайға жөнелтілетіні белгілі болды. 11 желтоқсанда Қазақстанның энергетика министрі Ерлан Ақкенженов КҚК-ға жасалған шабуыл салдарынан Астана 480 мың тонна мұнайдан айырылғанын мәлімдеді.