Алматы әкімдігі феминистік ұйымдарға 8 наурызда митинг өткізуге рұқсат бермеді

Ulysmedia
Фото: the-village-kz.com

Алматы әкімдігі феминистік ұйымдарға 8 наурызда шеру мен митинг өткізуге рұқсат бермеді, деп хабарлайды Ulysmedia.

Мән-жай

Феминистік марш ұйымдастыру комитетінің хабарлауынша, Алматы әкімдігі 2026 жылдың 7 және 8 наурызында митинг пен шеру өткізуге рұқсат бермеген.

«Барлық төрт шешімде «аталған тақырып бойынша бейбіт жиын өткізу кезінде қоғам тәртібін бұзу қаупі туындайды» деген себеп айтылған. Шешімде нақты құқықтық немесе фактологиялық негіздеме жоқ» деп жазылған ұйымдастыру комитетінің хабарламасында.

Комитет өкілдері қиындықтарға қарамастан дайындықты жалғастыра беретіндерін және әкімдіктің шешіміне шағым түсіретіндерін айтты.

«8 наурыз күнгі марш – бұл біздің заңды құқығымыз және әйелдердің құқығы туралы айтудың маңызды жолы. Кедергілерге қарамастан оны өткізуге күш саламыз» деді ұйым өкілдері.

Алматы әкімдігі әзірге бұл мәселе бойынша реакция білдірмеді. 

Әкімдік былтыр да феминистерге шеру өткізуге рұқсат бермеген. Ол кезде де жергілікті билік өкілдері «қоғам тәртібін бұзу қаупін» алға тартқан.