Экс-министрдің ұлы Қазақстанда алтын өндіруге миллиардтаған қаржы салды

Сырым Қаржас
pixabay.com

Ақмола облысында жаңа алтын кенін өңдейтін зауыт салу жобасы іске қосылды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Миллиардтаған инвестиция

Metals Expert жазуынша, жобаның жалпы инвестиция көлемі 5 млрд теңгеден асады. Зауытты сингапурлық инвестордың қатысуымен Aina Resources компаниясы салмақ. Кәсіпорын Ақбейіт ауылының маңында бой көтереді, оның жобалық қуаты жылына 100 мың тоннаға дейін кен өңдеуге есептелген.

Зауыт алтынқұрамды концентрат пен доре қорытпасын (тазартудан кейін аффинаждалған қымбат металл алуға болатын алтын-күміс қоспасы) өндіреді. Жоба аясында шамамен 200 жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарланып отыр. Бұл жақын маңдағы шахта жабылғаннан кейін тұрғындары көшіп кете бастаған Ақбейіт ауылы үшін маңызды қолдау болмақ.

Инвестор туралы не белгілі

Сингапурлық серіктестермен бірге жобаны жүзеге асыратын Aina Resources компаниясы қымбат металдарды өндіру нарығында он жылдан астам уақыттан бері жұмыс істеп келеді. Компанияның жалғыз құрылтайшысы — Қазақстанның бұрынғы сыртқы істер министрі Бейбіт Атамқұловтың ұлы Диас Атамқұлов.

Aina Resources 2019 жылдан бері Ақмола облысында байыту-өндірістік кешен салу жобасын жүзеге асырып келеді, оның құны 680 млн теңге деп бағаланған. 2025 жылы компания 36,9 млн теңге салық төлеген (ең жоғары аударым 2023 жылы тіркелген — 162 млн теңге).

Сонымен қатар, Диас Атамқұлов «Ата» корпорациясы» ЖШС-ін, «Диалиа Глобал» жарнама агенттігін және бірқатар өзге компанияларды бақылауында ұстайды. Бұдан бөлек, ол Қазақстандағы Марокконың құрметті консулы ретінде Құрметті консулдар қоғамының басқарма құрамына кіреді.