Тоқаев "Орталық Азия – Жапония" бірінші саммитінде не айтты

Сырым Қаржас
Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Орталық Азия – Жапония» диалогының бірінші саммитінде сөз сөйледі, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Мемлекет басшысы бүгінгі тарихи кездесуді ұйымдастыруға бастамашы болғаны және қонақжайлық танытқаны үшін Жапония премьер-министрі Санаэ Такаичиге алғыс айтты.

– Даму деңгейі тұрғысынан бірегей мегаполис саналатын Токиода ұйымдастырылған маңызды форумға қатысу Қазақстан, тіпті тұтас Орталық Азия үшін айтулы уақиға деп ойлаймын. «Орталық Азия – Жапония» диалогын құру туралы бастаманы жапон тарапы, соның ішінде бұрынғы сыртқы істер министрі Ёрико Кавагучи көтерген еді. Мұның символдық мәні зор. Сыртқы істер министрлері деңгейіндегі алғашқы жиын 2004 жылы Астанада өтті. Бұл Орталық Азия елдері мен өзге де ірі мемлекеттер арасында осы тектес платформаларды құруға үлгі болды, – деді Қазақстан президенті.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, мұндай саммиттер Орталық Азияның халықаралық деңгейдегі орны күшейіп, жаһандық үдерістерде маңызды рөл атқара бастағанын көрсетеді.

– Қазақ жұрты жапон халқының тарихына, салт-дәстүрі мен мәдениетіне әрдайым құрметпен қарайды. Күншығыс елінің келісім, ұстамдылық, даналық секілді құндылықтарға құрылған философиясы қазақ халқының дүниетанымына сай келеді. VII ғасырдың өзінде Сётоку ханзада үйлесімді ең биік құндылық ретінде атап, бірлік пен ынтымаққа үндеді. Сол тұста Жапония «Рэйва» – «Керемет үйлесім» дәуіріне қадам басты. Жапонияның Орталық Азия елдерімен байланысы ежелгі Ұлы Жібек жолынан бастау алады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы ғылыми-техникалық және технологиялық прогресте көш бастап келе жатқан Жапонияның әлемдік экономикадағы жетістіктеріне назар аударды.

Сондай-ақ жан-жақты халықаралық ынтымақтастық орнатуда зор әлеуетке ие Орталық Азия дамудың даңғыл жолына түскенін атап өтті.

Президент Қазақстан Жапониямен бірлескен жобаларды табысты жүзеге асыру үшін барлық қажетті жағдайды жасауға, қолайлы инвестициялық орта қалыптастыруға дайын екенін айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ-жапон ықпалдастығының перспективті бағыттарына тоқталды.

ҚОЛ ҚОЙЫЛҒАН ҚҰЖАТТАР

Президенттің Жапонияға сапары аясында сомасы 3,7 миллиард доллардан асатын 60-тан астам екіжақты құжатқа қол қойылды.

– Сауда-экономикалық және инвестициялық байланысты жандандыруға баса мән беру қажет. Былтыр өзара сауданың көлемі шамамен 2 миллиард долларға жетті. Қазақстан Жапония нарығына уран, сирек кездесетін металдар және мұнай жеткізеді. Жапония – Қазақстан экономикасының негізгі инвесторларының бірі. Оның елімізге құйған қаржы көлемі 8,5 миллиард доллардан асты. Қазақстан ұзақ уақыттан бері ірі жапон корпорацияларымен табысты қарым-қатынас орнатты. Біз елімізде еңбек етіп жатқан Жапонияның шағын және орта компанияларының қызметіне қолдау көрсетіп келеміз. «Орталық Азия – Жапония» форматындағы бизнес форумында екіжақты байланыстарды жандандырып, жаңа инвестициялық жобаларды іске асыруда қажетті уағдаластықтарға қол жеткізетінімізге сенімдімін. Жапонияға сапарымның аясында 60-тан астам екіжақты құжатқа қол қойылды. Оның ішінде сомасы 3,7 миллиард доллардан асатын коммерциялық келісімдер де бар, – деді Тоқаев.

КЕДЕНДІК РӘСІМДЕР

Мемлекет басшысы Жапония Үкіметінің Ақтау портындағы кедендік рәсімдерді жетілдіруге атсалысу туралы шешімін құптады.

– Орталық Азияның Шығыс пен Батыс, Солтүстік пен Оңтүстік арасындағы негізгі сауда жолдарын тоғыстыратын көлік-логистика саласы Жапония үшін тың мүмкіндіктерге жол ашады. Азия мен Еуропа бағытында құрлық жолымен тасымалданатын жүктің 80 пайыздан астамы Қазақстан арқылы өтеді. Транскаспий халықаралық көлік бағдарын дамыту айрықша маңызды. Жапон Үкіметі Каспий теңізінің Ақтау портындағы кедендік рәсімдерді жетілдіруге атсалысуға ниетті. Біз бұл шешімді құптаймыз. Жапония компаниялары алдағы уақытта Орта дәліздің теміржол, порт, автокөлік және логистика инфрақұрылымын ілгерілетуге үлес қосса, баршамызға пайдалы болмақ, – деді ол.

АТОМ ЭНЕРГЕТИКАСЫ

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Қазақстанның ресурс әлеуетін Жапонияның атом энергетикасы саласындағы үздік технологияларымен ұштастыру тың мүмкіндіктерге жол ашады.

– Ядролық энергетиканың «жасыл» экономика күн тәртібіндегі мәні зор. Әлемдегі ядролық отынның шамамен 40 пайызын Қазақстан қамтамасыз етеді. Дүние жүзіндегі электр энергиясының 10 пайызға жуығын атом электр станциялары өндіретінін ескерсек, бұл өте маңызды. Қазақстанның ресурс әлеуетін Жапонияның атом энергетикасы саласындағы үздік технологияларымен ұштастыру осы стратегиялық саладағы тың мүмкіндіктерге, соның ішінде инновацияларды енгізуге жол ашады. Әсіресе, ядролық қалдықтарды басқару, ядролық қауіпсіздік, азаматтық қорғаныс салаларына жоғары санатты маман даярлау бағытындағы жобалар қызығушылық тудырады, – деді Тоқаев.

Президент Қазақстан Жапониямен бірлескен Next-Generation SmartMining Plus жобасының іске қосылуын құптайтынын да айтты.

– Орталық Азияда сирек кездесетін элементтер мен өзге де аса маңызды минералдардың мол қоры бар. Бұл әлемнің жаңа энергетикалық жүйеге көшуіне қажетті ресурс саналады. Өңіріміз таза әрі қуат үнемдейтін өндірістерді аталған ресурстармен қамтамасыз ете алады. Қазақстан Жапониямен қазба байлықтарды барлау, өндіру және өңдеу ісі бойынша ынтымақтастықты жандандыруға мүдделі. Бұл ретте терең өңдеуге және орнықты өндіріс тізбегін қалыптастыруға ден қоя отырып, толыққанды өнеркәсіп кластерін құруға басымдық береміз. Сондықтан Қазақстан Жапониямен бірлескен Next-Generation SmartMining Plus жобасының іске қосылуын құптайды. Бұл бастама өндіріс үдерісін цифрландырып, экологиялық орнықтылықты арттырады, – деді ол.

АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ

Мемлекет басшысы орнықты ауыл шаруашылығы саласында бірлескен зерттеу платформасын құруды ұсынды.

– Еліміз ауыл шаруашылығын дамытуға айрықша мән береді. Орталық Азияда қуатты агроөнеркәсіп кешені бұрыннан бар. Сондықтан аймақ жаһандық азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету ісінде маңызды рөл атқара алады. Қазақстан Жапонияның ресурс үнемдеу технологиясына, шөлге төзімді дақылдар селекциясына, «ақылды» фермаларды дамыту тәжірибесіне қызығушылық танытады. Осы орайда орнықты ауыл шаруашылығы саласында жапон ғалымдарының және сарапшыларының қатысуымен Зерттеу платформасын құруды ұсынамыз. Астанада қолданбалы ғылымдар саласында ғалымдар мен зерттеушілердің алғашқы кездесуін «Орталық Азия – Жапония» форматында ұйымдастыруды ұсынамын, – деді ол.

ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ

ТоқаевТокионың Орталық Азия елдерімен жасанды интеллект саласы бойынша тың серіктестік орнату жөніндегі бастамасына қолдау білдірді.

– Цифрлық трансформация мен жасанды интеллектіні дамыту саласында ынтымақтастық орнату өте өзекті. Жапондық инновациялар сапа, сенімділік және жоғары технология тұрғысынан кеңінен танымал. Қазақстан цифрлық мемлекетке айналу жолына түсті. Осы мақсатта Аlem.ai. халықаралық жасанды интеллект орталығы ашылды. Биыл еліміз америкалық технологиялар базасында екі суперкомпьютерді іске қосты. Келесі жылы өнеркәсіп, мемлекеттік сектор, әлеуметтік қамсыздандыру және білім беру салаларын цифрландыруға бағытталған Digital Qazaqstan стратегиясын жүзеге асыруды бастаймыз. Осылайша, Қазақстанда жасанды интеллекті мен цифрлық технологияларды одан әрі дамыту үшін оңтайлы жағдай жасалады. Бұл ретте біз Токионың Орталық Азия елдері мен Жапония арасында жасанды интеллект саласы бойынша тың серіктестік орнату жөніндегі бастамасын қолдаймыз. Аталған платформаны Орталық Азиядағы ең ірі ІТ-стартап «Astana Hub» және қажетті инфрақұрылымы мен халықаралық экожүйесі бар Аlem.ai орталығының базасына орналастыруды ұсынамыз, – деді президент.