Қазақстан құрамасының және "Қайрат" клубының шабуылшысы Дастан Сәтпаев Еуро-2026 турнирінің 19 жасқа дейінгі футболшылар арасындағы іріктеу кезеңінің элиталық раунд матчтарына қатысу үшін құрамасын ауыстыруы мүмкін, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Бұл жөнінде Қазақстан футбол федерациясы құрамалар департаментінің менеджері Рахат Әкімқұл YouTube-тағы Nursultan Qurman арнасына берген сұхбатында айтты.
Әкімқұл "Біздің құрама наурыз айында элиталық раундтан өтсе, бұл тарихи жетістік болар еді. Онда Дастан Сәтбаев ойнай алмай ма?" деген сұраққа былай деп жауап берді:
— Неге ойнай алмайды? Дастан Сәтпаев алаңға шығуы мүмкін. Егер бапкерлер штабы негізгі құраманың жаттықтырушыларымен келіссөз жүргізіп, ортақ шешімге келсе, оны шақыруға болады. Өйткені ол 2008 жылы туған. Біздің командада 2007-2008 жылдары туған футболшылар бар. Наурыз айында ол Қазақстанда FIFA Series турнирі аясында негізгі құраманың жолдастық матчтарына қатысады. Егер бапкерлер штабы оны жолдастық кездесулерге емес, элиталық раунд ойындарына шақыру жөнінде келіссе, бұл әбден мүмкін, — деді ол.
АНЫҚТАМА
Еуро-2026 (U-19) іріктеу турнирінің элиталық раунды 2026 жылғы 25-31 наурыз аралығында Румынияда өтеді. Қазақстан құрамасы бесінші топқа түсіп, Украина, Румыния және Солтүстік Ирландия құрамаларымен бақ сынайды.