Мемлекеттік қызметкерлерге кәсіппен айналысуға бола ма

Сырым Қаржас
ysia.ru

19 желтоқсанда өткен Сенат отырысынан кейін бірқатар бұқаралық ақпарат құралдарында мемлекеттік қызметкерлерге енді кәсіпкерлікпен айналысуға рұқсат етілді деген ақпарат тарады. Алайда бұл мәлімет шындыққа сәйкес келмейді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

МӘН-ЖАЙ

Бұл туралы Сенаттың баспасөз хатшысы Данияр Рамазанов мәлімдеді. Оның айтуынша, қабылданған заңда мемлекеттік қызметкерлерге кәсіпкерлік қызметпен айналысуға тыйым салуды алып тастау туралы ешқандай норма қарастырылмаған.

Заңда «мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдарға теңестірілген тұлғалар» деген ұғым бар. Оларға, атап айтқанда:

  • мемлекеттік орган болып саналмайтын мемлекеттік мекемелер мен мемлекеттік кәсіпорындарда (соның ішінде мектептер мен ауруханаларда) басқарушылық функцияларды жүзеге асыратын тұлғалар;
  •  «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының қызметкерлері;
  • автомобиль жолдарында техникалық және авторлық қадағалауды жүзеге асыратын тұлғалар жатады.

Алайда тіпті осы санаттағы тұлғалар үшін де кәсіпкерлікпен және басқа да ақылы қызметпен айналысуға белгілі бір жағдайларда тыйым салынады. Атап айтқанда, егер мұндай қызмет:

  • негізгі қызметтік міндеттерді орындауға кедергі келтірсе;
  • қызметтік мүлікті пайдалануға әкеп соқса;
  • мүдделер қақтығысын тудырса, онда оған жол берілмейді.

ДӘЙЕКСӨЗ

– Осылайша, заңнамада мемлекеттік қызметкерлерге кәсіпкерлік қызметпен айналысуға тыйым салу күшін жойды деген норма жоқ. Бұл шектеулер бұрынғыдай сақталады. Сонымен қатар кәсіпкерлік қызметпен айналысуға тыйым салу ұлттық холдингтердің, ұлттық компаниялардың, ұлттық және өңірлік даму институттарының, сондай-ақ олардың еншілес ұйымдарының басшыларына да қолданыла береді, – деп жазды Данияр Рамазанов.

Айта кетейік, аталған заңның толық атауы – «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының шешімдерін орындау және заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы».