Каспий теңізі туралы фотожоба халықаралық деңгейде мойындалды

Ілияс Бақыт
Әлеуметтік желіден

Қазақстандық фотограф Оспан Әли халықаралық Chromatic Awards 2025 фотобайқауында жүлделі орынға ие болды. Оның Save the Caspian Sea атты экологиялық жобасы байқаудың «Экология» тақырыбы бойынша 2-орынды иеленді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Фотограф бұл жетістігімен әлеуметтік желіде бөлісіп, жобаның Каспий теңізі күніне орай дайындалған деректі фотосуреттер сериясы екенін атап өтті.

«Достар, мен Chromatic Awards 2025 халықаралық фотобайқауында марапат алдым. Save the Caspian Sea жобасы экология тақырыбы бойынша екінші орынға ие болды. Бұл жоба Каспий теңізі күніне арналған деректі фотосуреттер сериясы ретінде жасалды», – деп жазды Оспан Әли.

Фотографтың айтуынша, бұл жеңіс – тек оның жеке еңбегінің нәтижесі емес, бүкіл командаға берілген баға.

«Бұл жобаның халықаралық деңгейде мойындалуы – менің ғана емес, жобаға атсалысқан бүкіл команданың еңбегіне берілген баға. Барлығына алғысымды білдіремін», – дейді ол.

ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАРДЫҢ ЖЕҢІСІ

Оспан Әли қазақстандық фотографтардың халықаралық аренада бәсекеге қабілетті екенін дәлелдей отырып, өнер арқылы елді және маңызды қоғамдық мәселелерді танытуға болатынын атап өтті.

«Бұл – қазақстандық фотографтар халықаралық деңгейде мойындалып, кәсіби тұрғыда бәсекелесе алатынының жақсы үлгісі. Сонымен қатар, Қазақстанды танытып, қоғамды алаңдататын мәселелерді көтеруге мүмкіндік береді», – деп жазды фотограф.

КАСПИЙДІҢ АХУАЛЫ

Ол әсіресе Каспий теңізінің экологиялық ахуалына ерекше алаңдайтынын жеткізді.

«Мені Каспий теңізіндегі экологиялық мәселелер қатты алаңдатады. Бұл жағдай Арал теңізінің тағдырын еске салады», – деп түйіндеді Оспан Әли.

БАЙҚАУ ТУРАЛЫ

Chromatic Awards – әлемнің түкпір-түкпірінен кәсіби фотографтарды біріктіретін беделді халықаралық байқаулардың бірі. Қазақстандық фотографтың бұл жетістігі отандық өнердің әлемдік деңгейде бағаланып келе жатқанын тағы бір мәрте көрсетті.