Ресей билігі соғысқа апта сайын қанша қаржы жұмсайды

Ілияс Бақыт
Ашық дереккөзден

The Moscow Times басылымының есептеуінше, Ресей Федерациясы билігі Украинадағы соғысқа апта сайын 259,4 миллиард рубль бөледі. Бұл көрсеткіш Ресейдің 62 аймағының жылдық бюджетінен де көп. 2026 жылы әскери шығындар осы деңгейде сақталатыны болжанып отыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Ресей билігі әр аптада Украинаға қарсы соғысқа Ресей аймақтарының 75 пайызының жылдық бюджетінен артық қаржы жұмсайды. Мұндай деректерді The Moscow Times 24 желтоқсанда Ресей Қаржы министрлігінің мәліметіне сүйене отырып жариялады.

ЖЫЛДАР БОЙЫНША ШЫҒЫНДАР

2025 жылы Ресейдің әскери шығындары 13,5 триллион рубльді құрады, бұл апта сайынғы есеппен – 259,4 миллиард рубль. 2026 жылы бұл көрсеткіш 248,7 миллиард рубль деңгейінде болады деп күтілуде. Ал 2024 жылы апта сайынғы шығын 205,8 миллиард рубль болса, бұған дейінгі жылдары ол 100 миллиардтан аз болған.

Осылайша 2025 және 2026 жылдардағы апта сайынғы әскери шығындар Ресейдің 62 аймағының жылдық бюджетінен асып түседі. Ресейде барлығы 83 аймақ бар, оған қоса Украинадан басып алынған облыстар есепке кірмейді.

КҮНДЕЛІКТІ ШЫҒЫНДАН ДА АЗ БЮДЖЕТТІ АЙМАҚТАР

Ресейдің үш аймағы – Қалмақ Республикасы, Ненец автономиялық округі және Еврей автономиялық облысының жылдық бюджеті Ресей билігінің Украинадағы соғысқа бір күнде жұмсайтын қаржысынан да аз.

ЕҢ ІРІ ЖӘНЕ ЕҢ КЕДЕЙ АЙМАҚТАР

Жылдық бюджеті апта сайынғы әскери шығыннан көп 21 аймақтың қатарында Мәскеу (6,38 триллион рубль), Санкт-Петербург (1,65 триллион), Мәскеу облысы (1,37 триллион) бар. Одан кейін Татарстан, Свердлов және Челябі облыстары, Краснояр өлкесі, Ханты-Мансий және Ямал-Ненец автономиялық округтері, сондай-ақ Краснодар өлкесі мен Ростов облысы тұр.

Ал ең кедей аймақтар – Қалмақ Республикасы, Ненец автономиялық округі және Еврей автономиялық облысы.