Қазақстандық комиссия: Ақтау маңындағы ұшақ апатына оқ-дәрі фрагменттері себеп болуы ықтимал

Ulysmedia
фото: ашық дереккөзден

Қазақстан көлік министрлігінің көліктегі оқиғалар мен төтенше жағдайларды тергеп-тексеру департаменті былтыр желтоқсанда Ақтау түбінде апатқа ұшыраған Azerbaijan Airlines ұшағына қатысты аралық есеп жариялады. Құжатта әуе кемесінің зақымдануына оқ-дәрі бөліктерінің зақымдаушы элементтері әсер еткен болуы мүмкін деген тұжырым жасалған, деп хабарлайды Ulysmedia.

Мән-жай

Есепте жарылғыш заттардың іздері анықталмағаны, сондай-ақ тексеруге алынған үш оттегі баллонында жарылыс белгілері жоқ екені айтылған. Соған қарамастан, ұшақ корпусындағы зақымдардың сипаты оқ-дәрі фрагменттерінің әсерін жоққа шығармайды. Алайда олардың нақты қай тарапқа тиесілі екенін анықтау мүмкін болмаған.

Бұл әзірге алдын ала тұжырым ғана. 2024 жылғы 26 желтоқсанда көлік министрінің бұйрығымен құрылған апат себептерін анықтау жөніндегі комиссия жұмысын жалғастырады.. Тергеуге Әзербайжан, Ресей және Бразилия өкілдері, сондай-ақ Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ИКАО) бақылаушысы тартылған.

Комиссияның мәліметінше, ұшақтың гидравликалық жүйесі қатты заттардың соққысы салдарынан металдың жыртылуы нәтижесінде істен шыққан. Сонымен қатар орталық техникалық қызмет көрсету компьютеріндегі деректерді оқу мүмкін болмаған. Бұған құрылғының жоғары температура әсерінен зақымдануы себеп болған.

Тергеу барысында комиссия борттық жазғыштарды, ұшу параметрлерін зерттеп, оқиға орнында фото және бейнетүсірілімдер жүргізген.

Құжатта түпкілікті есеп Қазақстан көлік министрлігінің ресми сайтында жарияланатыны көрсетілген, алайда оның нақты мерзімі әзірге белгісіз.

Контекст

Еске сала кетейік, 2024 жылғы 25 желтоқсанда Бакуден Грозныйға бағыт алған Embraer әуе кемесі (J2-8243 рейсі) Ақтау маңында апатқа ұшырады. Қайғылы оқиға салдарынан 38 адам қаза тауып, 29 жолаушы жарақат алған.

Қаза болғандардың алтауы Қазақстан, 25-і Әзербайжан, жетеуі Ресей азаматтары болған.

Апаттың себептері жөнінде бастапқыда түрлі болжам айтылды. Ұшаққа Ресей аумағында оқ атылған болуы мүмкін деген нұсқа көтерілген кезде Қазақстанның ресми өкілдері мұндай мәлімдемелерді негізсіз деп бағалаған еді.

Кейінірек Әзербайжан президенті Илхам Әлиев апатқа Ресей тарапын жауапты деп атап, кінәні мойындауды және жауапты тұлғаларды жазалауды талап етті. Ресей президенті Владимир Путин кешірім сұрағанымен, ұзақ уақыт бойы жауапкершілікті мойындамады. Тек биыл 9 қазанда Душанбеде өткен кездесуде апат Ресейдің әуе шабуылына қарсы қорғаныс күштері қолданған зымыран салдарынан болғанын растады.

Айта кетейік, биыл 4 ақпанда Қазақстан Ақтау маңындағы ұшақ апатына қатысты алдын ала қорытындыны ресми түрде жариялаған болатын. Онда ұшақ қаптамасындағы тесіктер сырттан тиген бөгде заттардың әсерін көрсететіні айтылған.