Экс-президент 10 жылға сотталуы мүмкін

Ulysmedia
Фото: AFP

Оңтүстік Корея арнайы прокуроры соттан елдің экс-президенті Юн Сок Ёльге қатысты қозғалған төрт қылмыстық істің алғашқысы бойынша оны 10 жыл мерзімге бас бостандығынан айыруды сұрады, деп хабарлайды Ulysmedia.

Мән-жай

Оңтүстік Корея арнайы прокуроры Сеулдің орталық аудандық сотында елдің бұрынғы президенті Юн Сок Ёльді «әділдікке кедергі келтірді» деген айыппен 10 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Бұл туралы 26 желтоқсанда Yonhap агенттігі хабарлады.

Айыптаушы тарап экс-президентке 5 жыл түрме жазасын 2025 жылғы қаңтарда тергеушілердің оны қамауға алуға барғанда жолына тосқауыл қоюға тырысқаны үшін сұраған. Сол кезде Юн Сок Ёль президент резиденциясында бекініп, құқық қорғау органдарының әрекетіне кедергі жасаған.

Тағы 3 жыл жаза — әскери жағдай енгізу жоспарына қатысты өткен кеңеске министрлер кабинетінің тоғыз мүшесін шақырмай, олардың құқықтарын бұзғаны үшін, сондай-ақ шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарында әскери жағдайға қатысты жалған мәлімет таратып, елдің әскери басшылығы пайдаланған қорғалған телефондарға жазылған жазбаларды жойғаны үшін сұралды.

Қалған 2 жыл — әскери жағдай енгізу туралы жалған жарлықты дайындап, кейін оны жойғаны үшін қарастырылған.

Прокуратура өкілдерінің мәлімдеуінше, Юн Сок Ёль мемлекеттік мекемелерді жеке мақсатында пайдаланып, заңсыз шешімдерін жасыру мен ақтауға тырысқан.

«Айыпталушының әрекеттері Корея Республикасындағы заң үстемдігіне елеулі нұқсан келтіріп, оған сенім артып, президент етіп сайлаған халықтың үмітін ақтамады», — делінген айыптау қорытындысында.

Қазіргі уақытта түзеу мекемесінде отырған Юн Сок Ёль өзіне тағылған барлық айыптауларды жоққа шығарып отыр.

Экс-президент басқа да қылмыстық істер бойынша тергелуде

Аталған іс бойынша сот үкімін 16 қаңтарда, яғни Юн Сок Ёльдің қамауда ұстау мерзімі аяқталуына екі күн қалғанда жарияланбақ. Сонымен қатар, бұрынғы президент әскери жағдай енгізуге байланысты тағы үш қылмыстық іс бойынша күдікті деп танылған. Сол істердің бірінде оған «бүлікке жетекшілік етті» деген айып тағылған. Бұл істі қарау қаңтардың басында аяқталып, үкім ақпанда шығарылады деп жоспарлануда.

Бұдан бөлек, қараша айында арнайы прокурорлар тобы Юн Сок Ёльге «Солтүстік Кореяға жәрдемдесті және билікті асыра пайдаланды» деген айып таққан. Тергеу нұсқасына сәйкес, ол 2024 жылдың қазан айында Солтүстік Корея аумағына ұшқышсыз аппараттар жіберу арқылы әскери қақтығысты әдейі арандатуды көздеген және оны елде әскери жағдай енгізуге сылтау ретінде пайдаланбақ болған. Құқық қорғау органдарының бағалауынша, әскери сипаттағы деректердің берілуі арқылы Юн «жауға пайда келтірген», себебі оңтүстіккореялық дрондар КХДР астанасына жақын маңға құлаған.

Экс-президенттің қамауға алынуы және биліктен шеттетілуі

2024 жылы желтоқсан айының басында Оңтүстік Кореяда саяси дағдарыс басталды. Бюджетке қатысты тартыстардан кейін Юн Сок Ёль елде күтпеген жерден әскери жағдай енгізілгенін жариялап, бұл шешімін оппозицияның «мемлекетке қарсы әрекеттерімен» байланыстырды.

Алайда парламент бұл шешімді мақұлдамай, келесі күні-ақ президент әскери жағдайды жоюға мәжбүр болды. 14 желтоқсанда депутаттар Юн Сок Ёльге импичмент жариялады. 2025 жылдың сәуір айының басында бұл шешімді елдің Конституциялық соты бекітті.