Сирияда банкноттардан Башар Асадтың портреті алынып тасталады

Сырым Қаржас
TRT

2026 жылдан бастап Сирияда ұлттық валюта жаңартылып, банкноттар Асадтар әулетінің портреттерінсіз басып шығарылады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Елдің Орталық банкінің басшысы 1 қаңтардан бастап сириялық фунтты кезең-кезеңімен жаңарту басталатынын мәлімдеді. Жаңа банкноттар алты номиналда шығарылады және оларда саяси көшбасшылардың бейнесі болмайды. Билік бұл өзгерісті "жаңа кезеңнің" символы әрі экономиканы қайта жандандыруға бағытталған қадам деп отыр.

Қазіргі айналымдағы Башар және Хафез Асадтың портреттері бейнеленген ескі купюралар әзірше қолданыста қала береді, алайда олар біртіндеп жаңасына ауыстырылады. Сонымен қатар сириялық фунт сақталады, бірақ деноминация жүргізіліп, банкноттардан екі нөл алынып тасталады. Бұл есеп айырысуды жеңілдету үшін қажет, себебі валюта құнсыздануы салдарынан тұрғындарға қомақты көлемде қолма-қол ақша алып жүруге тура келіп отыр.

КОНТЕКСТ

Ақша реформасы биліктің ауысуымен тұспа-тұс келіп отыр. 2024 жылдың желтоқсанында оппозиция Дамаскіні бақылауға алып, Башар Асад елден қашып кеткен еді. Жаңа билік жаңартылған валюта халықтың ақша мен қаржы жүйесіне деген сенімін қайта қалпына келтіруге көмектеседі деп үміттеніп отыр.