Израиль Сирияның оңтүстігін атқылады

Сырым Қаржас
Ашық дереккөзден

Израиль әскері Сирияның оңтүстігіне соққы жасады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Anadolu агенттігінің жазуынша, атқылау Талль аль-Ахмер аш-Шарки ауданына, Эль-Кунейтра провинциясында бағытталған. Сирияның мемлекеттік телеарнасының мәліметінше, оқ пулеметтерден атылған. Шабуылдан кейін қаза тапқандар немесе қирандылар туралы ресми ақпарат түскен жоқ.

Дамаскте Израильдің Эль-Кунейтра мен Дераа ауылдық аймақтарындағы мұндай әрекеттері, сондай-ақ азаматтық нысандарға жасалған соққылар 1974 жылғы күштерді ажырату жөніндегі келісімді бұзады деп мәлімдеді.

КОНТЕКСТ

Бұған дейін Сирия билігі 2024 жылдың желтоқсанынан бері Израиль армиясының белсенділігі күрт артқанын хабарлаған. Олардың дерегінше, осы кезеңде елдің әртүрлі өңірлерінде мыңнан астам әуе соққысы жасалып, шамамен төрт жүзге жуық жерүсті операциясы жүргізілген.