Алматылық комик әріптесін зорламақ болған деген күдікке ілікті

Сырым Қаржас
pixabay.com

Алматылық стендап-комик Саясат Аяпбергеновке әріптесіне жыныстық сипаттағы тиіспек болды деген айып тағылды. Комик өнер көрсетіп жүрген клуб стендаперді «қара тізімге» енгізді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Дәретханада болған жағдай

Punch Standup Club әкімшілігі ресми мәлімдеме жариялап, бұл ақпаратты растады.

— Комикесса Әлия Қабылбек комик Саясат Аяпбергенов тарапынан зорлық сипатындағы әрекетке ұшыраған. Бұл туралы біз оқиға болғаннан кейін бірнеше күн өткен соң оның өз аузынан естіп білдік, — делінген Punch Standup Club мәлімдемесінде.

Клуб өкілдерінің айтуынша, комик әріптесіне дәретханада тиісіп, әдепсіз әрекет жасаған. Оқиға болған жерде бейнебақылау камералары болмаған. Ал қолда бар бейнежазбалар клуб әкімшілігі тарапынан полицияға тапсырылған. Сонымен қатар, Punch Standup Club сахнасына шығатын барлық стендаперлерге түсіндіру жұмыстары жүргізілмек.

Сахнаға шығуға тыйым салынды

Саясат Аяпбергеновке клуб сахнасында өнер көрсетуге тыйым салынды.

— Punch Standup Club тарапынан Саясатты өнер көрсетушілердің «қара тізіміне» енгізу туралы шешім қабылданды. Сондай-ақ болашақта мұндай жағдайлардың алдын алу үшін қосымша бейнебақылау камералары орнатылады. Біз зорлық-зомбылықтың кез келген түрін қатаң айыптаймыз, — деп мәлімдеді клуб әкімшілігі.

Осы оқиғаға байланысты біз Алматы қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметінен түсініктеме сұрадық.